Диагноз – үкім емес: Отандық дәрігерлер Паркинсон дертін қалай емдеп жүр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 11 сәуір Дүниежүзілік Паркинсон дертімен күрес күні ретінде аталып өтті. Бұл ауруға әдетте егде жастағы адамдар шалдығады. Алайда 30, 40 жасында осы дертке душар болатын адамдар да кездеседі. Медицина ғылымдарының кандидаты, нейрохирург Шыңғыс Шашкин Президент іс басқармасына қарасты Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана базасында осы Паркинсон ауруына шалдыққан адамдарға 40-тан астам ота жасапты. Маман ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталған аурудың қаупі мен қатері, алдын алу және емделу жолдары туралы мәлімет берді.

- Шыңғыс мырза, әуелі Паркинсон дерті мен тірек қозғалысындағы ақауларды емдейтін орталықтарыңыз туралы мәлімет бере кетсеңіз? Бұл дертті ота арқылы ғана емдейсіздер ме?

- Біздің орталық Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана базасынан былтыр ғана ашылған. Менен бөлек нейрохирург Данияр Бағаутдинов, неврологтар Жәнібек Мырзаев пен Гүлсана Мұсағалиева жұмыс істейді. Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу асқынып кеткен сатысын еңсерудің ең бір кең тараған түрі болып есептеледі. Өйткені ауру дендеп кетсе, әдеттегі дәрі-дәрмектің көмегі нашар болады немесе әсер қысқа ғана болады. Ота дерттен толық айықтырып жібермейді. Бірақ науқастардың өмірін жеңілдетеді. Өйткені Паркинсон дендеген кезде бұлшықеттер істен шығады. Ота қарсаңында науқастың миына нәзік электродтар енгіземіз. Ол электродтарды кеуденің бұғана асты тұсындағы терінің астына орнатқан имплантпен жалғаймыз. Бұл имплант мидың қызметін ынталандырушының қызметін атқарады. Отадан кейін науқастар оңалтудан өтіп, кешенді ем алады. Мұндай оталарды Қазақстанда 10 жыл бұрын жасай бастадық. Әзірге осындай оталар Орталық Азия бойынша Қазақстанда ғана жасалады.

- Он жылдың ішінде мұндай оталарды жасап машықтанып қалған шығарсыздар?

- Орталық құрылғаннан бері 40-тан астам ота жасадық. Биыл да 40-тай ота жасамақшымыз.

- Елімізде мұндай ота жасайтын орталықтар көп пе жалпы?

- Көп емес. Бізден бөлек Астана мен Қарағандыда бір-бір орталық бар.

- Паркинсонға шалдығушылар көп пе? Оның себебі неде?

- Жалпы Паркинсон ауруы әлем бойынша Альцгеймерден кейін ең көп тараған неврологиялық ауру болып есептеледі. Біздің есебіміз бойынша Қазақстанның өзінде 30 мыңдай адам осы ауруға душар болған. Себептері әрқилы: зиянды өндірістің әсері, күйзелістер, түрлі аурулар, инфекциялар, экологиясы ушыққан аумақта ұзақ жылдар бойы тұру, тұқым қуалаушылық деп кете береді. Дегенмен нақты себебін табу өте қиын. Себебін қойып аурудың өзі асқынып, нақты симптомдары шыға бастаған кезде ғана анықталады. Емінің өзі симптомдардың әсерін азайтып, неврологиялық процестерді тежеуге бағытталады. Негізі емін дұрыс тапса, Паркинсон дертінен адам өле қоймайды. Тіпті көп жасауға да болады.

- Бұл ауру да жасарып келе жатқан жоқ па?

- Иә, өкінішке қарай, ауру жасарып келе жатқанын көріп жүрміз. Әдетте Паркинсонмен 60-тан асқан адамдар ауырады. Қазір 40-50 жастағы науқастар кездесетін болды. Тіпті менің алдымнан 25 жастағы науқас өтті.

- Ауруды ерте бастан анықтау мүмкін бе?

- Ерте бастан анықтау оңай емес. Дерттің алғашқы белгілерінде нақты диагностика қою қиын. Өйткені ұқсас аурулармен жиі шатастырып жатады. Симптомдары нашар көрінсе, диагностика жасау тіптен қиындайды. Әдетте нақты диагноз клиникалық белгілері шыққан кезде ғана пайда болады. Адамның аяқ-қолы, денесі қалшылдап, қозғалысында ақау күшейеді. Науқас шаршаған жағдайда қозғалысы нашарлап, бұлшықеттің күші кемиді, жүрістен жаңылып, тепе-теңдігін жоғалтады. Яғни, диагноз симптомдар көбейген кезде ғана қойылады. Одан басқа биологиялық өлшемдері жоқ. Соның өзінде Паркинсонға белгілері ұқсас өзге де жүйке ауруларымен шатастырмау үшін тыңғылықты зерттейміз.

- Паркинсон ауруының қаупі неде және құлан-таза айығу мүмкін бе?

- Толық емдеп жіберу мүмкін емес. Ал қаупіне келсек, адамның өмірін қиындатады. Сырқат өте баяу дендейді. Адам біртіндеп қалыпты өмірден қалады. Қимыл-қозғалысындағы ақаулардан жасқанғандықтан көпшілік ортаға түспеуге тырысады, көшеге шығудан қалады. Тіпті жұмыстан шығып кететін жайттар болады. Сондықтан біз адамның қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге күш саламыз. Бұл мүмкін деп сеніммен айта аламын. Паркинсон ауруы – үкім емес. Біздің ұранымыз осындай. Науқастарға үнемі осыны айтып отырамыз. 11 сәуірде Дүниежүзілік Паркинсон ауруымен күрес күні аталып өтті. Біз жыл сайын осы күнге арнап шара ұйымдастырамыз. Науқастарға Паркинсон ауруы үкім емес екенін үнемі айтып отырамыз. Ауруын толық емдей алмасақ та, өмірлерін жақсарта аламыз.

- Мұндай ота тегін жасала ма? Тегін отаға ілігу үшін алдын ала тіркелу керек шығар?

- Иә, оталар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында квота арқылы жасалады. Тегін отаға жазылу үшін науқастар орталықтағы невролог мамандарға келіп, кеңес алу керек. Дәрігерлер толық диагностика жасап, қажет деп тапса ота белгілейді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана ота жасаймыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар