Дезинфекция құралдары адам ағзасына қауіпсіз – мамандар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мамандар Алматы аулаларын дезинфекциялауға арналған құралдардың адам ағзасына қауіпсіздігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласы бойынша дезинфекциялау орталығы» РМК бөлімшесінің ақпаратына сәйкес, заманауи дезинфекциялық құралдар 4-санаттағы құралдарға жатады. Яғни, адам ағзасына қауіптілігі төмен болғандықтан, адам ағзасына, жануарлардың ағзасына зиян келтірмейді.

Арнайы ерітінді мамандардың инструкциясына сәйкес әзірленеді.

Аулаларды зарарсыздандыруға мемлекеттік реестрге кіретін Кеден одағы немесе Қазақстан территориясына қолдануға рұқсат етілген құралдар қолданылады.

Тротуарларды, аялдама кешендерін, қоқыс жәшіктерін, банкоматтарды дезинфекциялау үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери дезотрядтары белсенді хлор бойынша 0,015% концентрациядағы натрий гипохлоридін пайдаланады.

Алматы қалалық дезинфекция орталығының дезинфекциялық бригадалары науқастың үй ошақтарында және емделіп шыққандардың жатқан ауруханаларындағы обсервациялық бөлімшелері мен медициналық орталықтарына өңдеу жүргізеді.

Қалалық Жасыл экономика басқармасының мәлімдеуінше, қалада қазір көшелер, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, жалпы пайдаланылуға арналған орындардың барлығына дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстар үшін 91 су шашатын машина, 36 жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды сыпыратын машина және 886 жұмысшы тартылып отыр. Қала көшелері бойындағы қоқыс салатын урналар, орындықтар, қоғамдық көлік аялдамалары, жерасты және жерүсті жолдарын дезенфекциялау жұмысына 121 адам жұмылдырылды.

Сонымен қатар, контейнерлер мен контейнерлердің аумағын дезинфекциялау жұмыстары да жүйелі жалғасып, оның жұмысына 85 адам жұмылдырылды.

Кеше 307 контейнер алаңы мен 1466 контейнерге дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Қала полигонына 1310 тонна қоқыс жөнелтілді.

Айта кету керек, мұның алдында оқырмандар орталық саябақта зарарсыздандыру жұмыстарынан соң кептерлер қырылып жатқанын айтып шағымданған болатын.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет комиссияның жүргізген сараптамасына сәйкес кептерлер өлген жерде мұның алдында аумағы 100 шаршы метр мұз айдыны болғанын айтты. Сол жерде барлығы 30 кептер өлген.

«Құстар уланған болуы мүмкін. Комиссия мүшелері кептерлердің денесін зертханалық зерттеу жүргізу үшін алды. Құстардың өліміне не ықпал еткені зерттеулерден соң белгілі болады», - деді С.Ділдахмет.


Соңғы жаңалықтар