Дэвис кубогының финалдық кезеңіне қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы анықталды
2022 жылғы 12 тамыз 11:11

Дэвис кубогының финалдық кезеңіне қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дэвис кубогының финалдық кезеңіне қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ұлттық құрама 13-18 қыркүйек күндері командалық әлем чемпионатының (Davis Cup Finals) топтық бәсекесінде өнер көрсетеді.

Қазақстандықтар өз матчтарын Глазго (Шотландия) қаласындағы «Эмирейтс арена» стадионында өткізеді.

Юрий Щукин бастаған бапкерлік штаб мына ойыншыларды іріктеп алды: Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев, Александр Недовесов және қосалқы құрамда Тимофей Скатов.

Қазақстандықтар «D» тобында Ұлыбритания, АҚШ және Нидерланды құрамаларымен сынға түседі. Бірінші, екінші орынға ие болған командалар Испанияның Малага қаласында қараша айында өтетін Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алады.

«Бізге күшті командалар жиналған қиын топ түсті. Ұлыбританиялықтар өз алаңында ойнайды. Америкалықтар – Дэвис кубогының финалдық кезеңінде әлденеше рет өнер көрсеткен тәжірибелі команда. Нидерландылықтармен біз 2019 және 2020 жылдары шеберлік байқастық. Бірақ одан бері нидерландылықтар шыңдалып, құрамын нығайта түсті. Сондықтан әр матчта барымызды салып, ширек финалға шығуға тырысатын боламыз», деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис федерациясының президенті қазақстандық теннисшілердің табысы кездейсоқтық еместігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Гөзал Айнитдинова Өскемен жарысының , Юлия Путинцева Торонто турнирінің ширек финалына шықты.

Фото: ktf.kz


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT