Дэвис кубогы: Ұлыбритания Қазақстан құрамасын жеңіп кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте Дэвис кубогы финалында Ұлыбритания Қазақстан құрамасын жеңіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матч тағдыры жұптық кездесуде шешілді.

Қазақстан құрамасы бұл шешуші бәсекеге бастапқыда көзделген Андрей Голубев пен Александр Недовесовтің орнына Александр Бублик пен Михаил Кукушкинді шығарса, ұлыбританиялықтар Джейми Маррей мен Нил Скупскиге сенім артты.

Мұның алдында М.Кукушкин мен А.Бублик жекелей кездесулерін өткізгендіктен, британиялық жұп әлдеқайда тың көрінді. Сондықтан олар бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетті де британдықтар брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен қазақстандық жұп сегізінші геймде қайыра брейк жасап, есепті теңестіре алды – 4:4. Бірақ британдықтар да қалыспады – 5:4. Ақыры олар бұл сетті 6:4 есебімен аяқтады.

Бәсеке 1 сағат 12 минутқа созылды.

Осылайша ұлыбританиялықтар Қазақстан құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, өз тобының жеңімпазы ретінде плей-офқа жолдама алды.

Дэвис кубогының финалында барлығы 18 команда алты топқа бөлініп, өнер көрсетті. Топ жеңімпаздары ширек финалға бірден шықса, тағы екеуі екінші орын алғандар ішінен анықталады.

Қазақстан өз тобында екінші орын алғанымен, Ресей мен Аргентинаны алға жіберіп, плей-офф бәсекесінен тыс қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлыбританияның Қазақстанмен матчта алға шыққанын, кейін А.Бубликтің есепті теңестіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар