Дэвис кубогы: Қазақстанның кімдермен ойнайтыны белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мадрид қаласында Дэвис кубогының финалдық кезеңіне қатысатын командалардың кімдермен ойнайтыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы 18-24 қарашада Мадридте өтетін финалдық кезеңге барлығы 18 команда қатысады.

Жеребеге сәйкес құрамалар мынадай топтарға бөлінді.

А тобы: Франция, Сербия, Жапония,
В тобы: Хорватия, Испания, Ресей,
С тобы: Аргентина, Германия, Чили,
D тобы: Бельгия, Аустралия, Колумбия,
E тобы: Ұлыбритания, Қазақстан, Нидерланды,
F тобы: АҚШ, Италия, Канада.

Плей-офф кезеңіне өз тобында жеңімпаз атанғандар мен екінші орын алғандардың ішінде екі үздігі, барлығы сегіз команда жолдама алады. Мысалы, А тобының жеңімпазы екінші орын алғандардың бірімен кездеседі. F мен D тобы және E мен С тобы үздіктері өзара сынға түседі. Ал В тобында озып шыққан құрама екінші орын алғандардың бірімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Астанада өткен Қазақстан - Португалия матчының шешуші бәсекесінде ел құрамасын Дэвис кубогының финалдық кезеңіне алып шыққанын жазған болатынбыз.

Қазіргі кезде әлемдік рейтингте 53-орында тұрған М.Кукушкин кеше Роттердам турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Сонымен қатар Астанада өткен жарыстың финалында қытайлықтарды ұтқан Қазақстанның әйелдер құрамасы Федерация кубогы үшін екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Бүгін Қазақстанның екінші, әлемнің 96-ракеткасы Зарина Дияс Дубай турнирінің іріктеу сатысында алғашқы матчын дүниежүзілік рейтингте 271-сатыда тұрған германиялық Сабина Лисицкимен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар