Дэвис кубогы: Қазақстан Сербиямен матчты жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте Дэвис кубогының ширек финалында Қазақстан мен Сербия құрамалары күш сынасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші болып кортқа Қазақстаннан дүниежүзілік рейтингте 182-орында тұрған, биыл 34-ке толатын тәжірибелі Михаил Кукушкин, Сербия сапынан әлемнің 69-ракеткасы, 22 жастағы Миомир Кецманович шықты.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған алғашқы партияда бірден брейк жасаған сербиялық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре білді. Тай-брейкте М.Кукушкин сәтті ойнай алды – 7:6 (7:4).

Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шықты – 3:1. Сегізінші геймде М.Кецманович есепті теңестірді – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4.

Үшінші, шешуші партияны да сербиялық теннисші қарқынды бастады – 2:0. Алайда ол есеп 5:3 болғанда, матчболын пайдалана алмады. Ақыры тай-брейкте М.Кукушкин жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).

Аса тартысты өткен матч 3 сағат 18 минутқа созылды.

Осылайша М.Кукушкин Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0.

Қазақстан – Сербия матчында енді әлемнің 1-ракеткасы Новак Джокович пен рейтингте 36-сатыдағы Александр Бублик шеберлік байқасады. Содан соң жұптық бәсекеге кезек келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстанның Канаданы үшінші кездесуінде де ұтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар