Дэвис кубогы: Қазақстан – Нидерланды матчында таразы басы теңесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалында қазақстандық Александр Бублик пен Нидерланды өкілі Робин Хасе күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл Қазақстан – Нидерланды матчының екінші кездесуі еді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдік рейтингіде 57-орында болса, қарсыласы 163-сатыда еді. Бірақ А.Бубликтен тура он жас үлкендігі бар, 32 жастағы Р.Хасенің тәжірибесі мол болатын.

Тартысты өрбіген бірінші партияда нидерландылық теннисші брейк жасап, 6:5 есебімен алға шығып, өз геймін де алды – 7:5.

Есесіне екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сетке доп бергенде, А.Бублик қарсыласының мысын баса білді – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болып, А.Бублик доп берген кезде Р.Хасе матчболын пайдалана алмады. Есеп 5:5 болғанда, қазақстандық теннисші брейк-пойнтын мүлт жіберді. Ақыры кездесу тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Р.Хасенге сәттілік жолдас болды – 7:6 (7:5).

Тартысты бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.

Енді матч жеңімпазы жұптық бәсекеде шешіледі. Ешқандай өзгеріс орын алмаса, Андрей Голубев пен Александр Недовесов Уэс Колхоф пен Жан-Жюльен Ройермен сынға түседі.

Биыл Дэвис кубогының финалы алғаш рет өзгеше сипатта өтуде, яғни әр топтан үздік шыққандар плей-офф бәсекесіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Нидерланды матчын Михаил Кукушкиннің жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар