Деструктивті күштер бірнеше рет тұрақтылықты бұзуға талпынды - Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Деструктивті күштер бірнеше рет тұрақтылықты бұзуға талпынды. Бұл туралы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы деструктивті күштер бірнеше рет тұрақтылықты бұзып, тәртіпсіздік орнатуға әрекет еткенін атап өтті.

«Мемлекеттің тұрақтылығы мен қуаттылығына әлдебір тестілеу жүргізілді. Бұл іс-қимылдардың барлығына тосқауыл қойылды. Алайда ұйымдастырушылар өздерінің жоспарларын кейінге қалдырмай, қарулы қылмыстарды даярлауға көшті. Олар себеп ретінде бірқатар өңірде автомобиль газына бағаның өсіміне халықтың наразылығын пайдаланды. Митингілер өтіп, олардың қатысушылары әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптарды жариялады. Олардың барлығы естілді және мемлекет тарапынан орындалды», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.



Соңғы жаңалықтар