Деректану ғылымын дамыту қажет - Мырзатай Жолдасбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде деректану ғылымы дамымай отыр. Бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел барысында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамалар» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Мырзатай Жолдасбеков ұлт тарихын түгендеу үшін қандай еңбек атқарылып жатқанын айтты. Дөңгелек үстел ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен Астанада өтіп жатыр.

«Елбасымен таяуда мен де кездестім. Сонда Елбасы «мақаланы оқыдыңыздар, ендігі кезекте не істеп жатырсыздар?» деп сұрады. Мен не істеп жатқанымды сіздерге айтып өтейін. Бізде деректану ғылымы дамымай қалған. «Анау айтты немесе мынау айтты» дей береміз. Тарихтың бәрін де айналып келгенде жасайтын - өзіміз, яғни халық. Шежіреге сүйенгенімізбен, нақты деректерге баса маңыз беруіміз керек. Бұрынғы тарихтан айырылып қала жаздадық. Енді жылап көрісіп жатырмыз. Кезінде Елбасына тәуелсіздік дәуірінде мемлекеттің шежіресін жасамаймыз ба деген едім. Мемлекет басшысы сол кезде қолдау білдіріп, 14 томын шығарып, тұсаукесерін өткізген едік. Ақыры оның елу томын да шығардық», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде Ашхабадқа барған сапарын еске алды.

«Ол жақта керемет бір сурет салыныпты. Музейдің жанында «Күлтегін түрікмен», «Тоныкөк түрікмен» - бәрі де түрікмен екені жазылған. Мен онысын қызғанғаным да жоқ, жазғаны да дұрыс шығар, бірақ «әттеген-ай, біз осыны айта алмай отыр екенбіз ғой» деп ойладым. Өйткені, кезінде Мағжан ақынның өзі де қарашаңырақ қазаққа қалғанын айтқан ғой. Мен, мәселен, сонау жетінші ғасырдағы Орхон ескерткіштерін зерттеген адаммын. Осы уақытқа дейін бір адам бұл сөзіме қарсы келген жоқ: өйткені, оның (жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың - авт.) бәрі де қазақ. Сол кездің өзінде «артық айтып отырсың» деген академик ағаларымыз болды», - дейді қоғам қайраткері.
null

Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде Қорқыт атадан қалған, он үшінші ғасырда жазылған кітап барын атап өтті. Оның бір нұсқасы Ватикан кітапханасында, екіншісі Дрезден кітапханасында сақталған.

«Дрезден кітапханасында сақталған нұсқасы қыпшақ тілінде жазылған. Оны алдымен орыстар, одан кейін түріктер, әзербайжандар мен түрікмендер аударған. Қазақша да аударылған. Бірақ, ол аударма орыс тіліндегі аудармадан көшірілгенін атап өту керек. Сондықтан, мен қазір Қорқыт ата кітабын (тікелей - авт.) аударып жатырмын. Биыл аяқтаймын деген ойдамын», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

null

Соңғы жаңалықтар