Депутаттар жастарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар жастарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес өткен Жастар жылында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілгені мәлім. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылған осы бағдарлама ірі мегаполистерде еңбек етіп жүрген жас отбасылар мен жалғызбасты жастарымыздың баспана мәселесін шешуіне оңтайлы мүмкіндік берді. Сонымен қатар, аталған бағдарламаны алдағы уақытта жүзеге асыру кезінде ескеретін кейбір өзекті мәселелерге назар аударғымыз келеді. Біріншіден, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларына» сәйкес, бағдарламаға қатысушыдан кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем қабілеттілігін растау талап етіледі. Бұл талапты орындау биыл қиындағаны анық. Өйткені, оның сомасы өткен жылы 101 мың теңгені құраған болса, үстіміздегі жылы 111 мың теңгеден асты», - деді депутат Кәрібай Мұсырман.

Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері арттырылуына байланысты бұл сома одан әрі өсе бермек. Осыған орай бағдарламаға қатысқысы келетін жастардың тарапынан аталған қағидаларға өзгеріс енгізіп, жас отбасы мүшелерінің, яғни ерлі-зайыптылардың екеуінің жиынтық табысын есепке алу жөнінде өтініштер айтылуда.

«Екіншіден, бағдарлама бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айқындаған 100 сұранысқа ие мамандығы бар жастарға басымдық беріледі. Атап айтқанда, сондай мамандықтардың біріне ие жас жұмыскерге 10 балл қосылады. Мұндай артықшылыққа бүгінгі таңда өте қажет IT-мамандар, инженерлер, сәулетшілер, жобалаушылар және дизайнерлер ие. Сондай-ақ олардың қатарына бетоншылар, сылақшылар, ағаш ұсталары, тас қалаушылар, сантехниктер, слесарьлар, тракторшылар, комбайншылар, тігіншілер, электршілер, дәнекерлеушілер сияқты мамандықтардың иелері де қосылған. Алайда, мұндай артықшылық қазір қай қала мен өңірде болсын жетіспей отырған жас дәрігерлер мен мейіргерлерге, мұғалімдер мен оқытушыларға, мәдениет пен спорт қызметкерлеріне, ғалымдар мен журналистерге берілмеген болып шықты», - деді К. Мұсырман.

Осы орайда ол аталған бағдарлама бойынша басымдық берілетін 100 сұранысқа ие мамандық тізбесін кеңейтіп, оған денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларының жас мамандарын, сондай-ақ жас ғалымдар мен журналистерді енгізу мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.

«Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары 3.0» жаңа тұрғын үй бағдарламасына қолдау білдіріп, оны басқа қалалар мен облыстарда тарату мүмкіндігін қарастырған жөн», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар