Депутаттар зейнетақы мөлшерін өсіріп, табыс салығын ұлғайту мәселесін көтерді

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Гүлмира Исімбаева еліміздегі зейнетақы мөлшерін арттыруға қатысты Үкімет басшысына сауал жолдады. Сонымен бірге, депутат Зейнолла Алшымбаев аталған мәселені қолдай келе, табысқа салынатын салық мөлшерін арттыру қажеттігін алға тартты.

Жиын барысында сөз алған депутат Гүлмира Исімбаева қоғам тарапынан көтеріліп жүрген проблемаларға тоқтала келе, сайлаушылармен кездесуде көбінесе зейнетақыға қатысты біршама өтініштер болғанын жеткізді. Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы барысында жасы 70-тен асқан бір топ зейнеткерлер осы мәселеге қатысты өтініш жасаған. Онда өтініш иелері зейнетақы көлемін республикадағы орташа жалақының 75 пайызына дейін арттыруды сұрапты. Бұндай ұсыныстар Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан да жасалған болса керек.

«Түрлі санаттағы зейнеткерлердің өтініштеріне орай, Үкімет басшысынан бұндай үндеулерге құлақ асуды сұраймыз. Тиісті органдар қажетті есеп-қисабын жасап, талап етілетін шығындар есептелсе екен», деді депутат.

Бұл мәселені депутат Зейнолла Алшымбаев та қоштады. «Халықпен кездесуде көбінесе зейнеткерлер осы жайтты қозғады. Біз келесі жылы зейнетақыны 10 пайызға өсірмекшіміз. Соның өзінде зейнеткерлердің алатын ақшасы төмен. Сондықтан бұл жағдайды депутаттардың басым бөлігі қолдап, шешуге ықпал жасауы тиіс. Жалпы, зейнетақыны көтеруге еліміздің мүмкіндігі баршылық. Оның орнына Үкімет компанияларға салынатын табыс салығын арттырса игі. Мәселен, Ресеймен салыстырып қарайық. Бұл елде мұнайға экспорттық баж салығы тоннасына 280 долларға дейін барады, ал Қазақстанда 20 доллар. Оны 20 пайызға ғана өсірмекшіміз. Бұл қалай? Жалпы, салық базасын өсіретін мүмкіндік елімізде көп. Жағдайымыз келеді. Сондықтан да, бюджетті қабылдау барысында бұны баса қаперге алсақ», деді З. Алшымбаев.

Соңғы жаңалықтар