Депутаттар Торғай өңірін дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдауды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Әли Бектаев еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Торғай өңірін дамытудағы өзекті мәселелерді жария етті. Онда көлік қатынасының нашарлығы, инженерлік коммуникацияның әбден тозуы, медициналық мекемелерге дәрігерлердің жетіспейтіні және басқа мәселелер айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат сенаторлардың Қостанай облысындағы Амангелді және Жангелді аудандары мен Арқалық қаласына сапары кезінде азаматтар айтқан өтініштер осы сауалға себеп болғанын атап өтті.

Әуе қатынасының жоқтығы, Арқалық қаласына дейін ғана апаратын теміржолдың тозуы мен ескі вагондар және автомобиль жолдарының нашар жағдайы өңір экономикасының дамуына теріс әсер ететін басты мәселелер болып отыр. Сенатор «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдетуді ұсынып отыр. Бұл өңір экономикасының дамуына серпін береді және көрші аймақтармен өзара іс-қимылды өрістетуге мүмкіндік береді. Сенатор сонымен қатар өңірді ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігін де атап өтті.

«Бүгінгі таңда су құбырының тозуы 86,5%, жылу құбыры 87%, электр желісі бойынша 92%, кәріз құбырының тозу деңгейі 92,8%-ды құрады. Бір сөзбен айтқанда, инженерлік-коммуникациялық жүйеде төтенше жағдайдың жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелді аудандарындағы инфрақұрылым жүйесінің нақты жағдайын анықтау үшін Үкіметтен арнайы комиссия шығарту қажет», - делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар депутат өңір тұрғындарының ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай отырғаны, өңірді табиғи газбен қамтамасыз етудің экономикалық және әлеуметтік маңызы, Арқалық политехникалық колледжінің ескірген ғимараты туралы да айтты.

«Жоғарыда айтылған проблемаларды шешу үшін Қостанай облысының Торғай өңірін серпінді дамыту мақсатында арнайы өңірлік бағдарлама қабылданып, қажетті көлемде қаржы бөлініп, Үкімет деңгейінде қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейміз», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар