Депутаттар сұйытылған газ бағасын реттейтін заң жобасын қарады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасына бастамашылық жасауға Қазақстан Республикасындағы сұйытылған мұнай-газ нарығындағы ахуал себеп болып отыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, сұйытылған газдың бекітілген шекті көтерме сауда бағасы бүгінгі күні қосымша құн салығын есепке алмағанда 38 701 теңгені құрайды. Мұндай баға экспорттық ғана емес, көршілес елдердегі көтерме бағадан да едәуір төмен. Бұл газды Қазақстан аумағынан басқа елдерге заңсыз экспорттауға итермелейтіні сөзсіз», - деді заң жобасын таныстырған мәжілісмен Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, Қазақстанда сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы көтерме саудадағы бағадан едәуір жоғары, тіпті көрші елдердегі бөлшек сауда бағасынан аз ғана төмен. Осылайша, бүгінгі күні еліміздегі зауыттар газды ішкі нарыққа өткізген кезде шығынға ұшырауда.

«Тек 2017 жылы сұйытылған мұнай-газ өндіретін зауыттар мен өндірістердің ала алмаған кірісінің көлемі 48 млрд теңгеден астам соманы құрады. Cоңғы 4 жылда  сұйытылған мұнай-газына сұраныс екі есе өсті. Өткен жылы ішкі нарыққа берілген сұйытылған мұнай-газының көлемі 900 мың тоннадай болды, осы сұйытылған газдың 545 мың тоннасы автомобильдік газ құю стансаларына берілді. Ал биыл ішкі нарыққа берілетін 1 млн 300 мың тонна сұйытылған мұнай-газының 850 мың тоннасы автомобильдік газ құю стансаларына бағытталмақ. Осы сұраныс қарқынына қарағанда, 2019 жылдың өзінде сұйытылған мұнай-газына тапшылық пайда болғалы отыр», - деді депутат.

Осы орайда ол тапшылыққа жол бермеу аясында газ өндіретін зауыттардың кірістік режімде жұмыс істеуі үшін шекті көтерме бағаны тікелей көтеруге болмайтыны атап өтті. Ондай жағдайда бөлшек баға бірден шарықтап өсетіні сөзсіз.

«Заң жобасының мақсаты - сұйытылған газдың шығару көлемін арттыру, өндірушілердің қызығушылығын тудыру арқылы сұйытылған мұнай-газ тапшылығын болдырмау. Ол үшін сұйытылған мұнай-газды өндіретін  зауыттарға газды делдалдарсыз тікелей сату қаралып отыр. Заң жобасында электрондық сауда алаңын енгізу ескерілген. Әзірлеген түзетулер бұл тетіктерді 2019 жылдан бастап, 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен өткізуді көздейді», - деді Ізмұхамбетов.

Заң жобасы арқылы белгілі болып отырғандай, бірінші кезеңде ішкі нарыққа берілетін сұйытылған газдың 20 пайызға дейінгі көлемі электрондық сауда арқылы сатылады. Одан кейін  үлесті кезең-кезеңмен  арттыру ұсынылуда.

Соңғы жаңалықтар