Депутаттар прокурордың өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл құжатты Үкімет 2021 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәдіметінше, заң жобасы қылмыстарды тез ашу, оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және әділ сот талқылауын жүргізу мақсатында қылмыстық-процестік заңнаманы тиімді қолдануды көздейтін құқықтық тетіктерді оңтайландыруға бағытталған.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар прокурордың өкілеттіктерін нақтылауға, қылмыстық іс айыптау актісін жасау үшін прокурорда қаралып жатқан кезеңде күдіктіні қамауда ұстау мәселесін реттеудегі олқылықтарды жоюға қатысты, сондай-ақ сот ісін жүргізуді оңайлату мен реттеуге бағытталған бірқатар түзетулер енгізді.

Жалпы алғанда, жобаны қабылдау адамның құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғалу дәрежесінің сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді.

Айта кетейік, биыл 10 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді.


Соңғы жаңалықтар