Депутаттар пойыз дәретxаналарын сынға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаттары пойыздардың санитарлық жағдайын сынға алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясының өкілі Фарид Ақбердиевтің айтуынша, ескі вагондардың іші сын көтермейді. Дәретxананың іші сасық, сабын мен қағаз жоқ.

«Жерде су, тазалық жұмыстарын жүргізбейді. Кондиционер істемейді. Перделер кір-кір, оған қолдарын сүртетін сияқты. Анау пердені ұстайтын сым да шығып кете береді. Балық сата ма, ішкі киім сата ма, вагон емес, базар сияқты. Жолсеріктер трикомен жүреді. Осыны тексеретін біреу бар ма? Жауапты тұлғалар ұшақпен қатынайды ғой. Пойызбен жүруге жиіркенетін шығар. Мен жол бөлімінің бастығы жүретін вагонды көрдім. Іші тап-таза, бәрі бар. Мемлекет басшысы жүретін вагон сияқты. Министрлер сонымен жүретін шығар», - деді Ф.Ақбердиев экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы Әсет Асавбаевтың айтуынша, республика бойынша 2000 вагон жолаушыларды тасымалдауға арналған. Алайда соның басым бөлігі ескірген. Бүгінде жекеменшік компаниялар вагондарды біртіндеп жаңартып келеді. Дегенмен, кейбір тасымалдаушылар санитарлық нормаларды бұзып отырады. Сол үшін айыппұлдар да салынады.

«Осы уақытқа дейін 57 млн теңгенің айыппұлы салынды. Әрине, онымен барлық мәселелерді шеше алмаймыз. Бізге вагондарды барынша жаңарту қажет», - дейді Ә.Асавбаев.

Депутат Нұртай Сабильянов та пойызбен жүрудің машақатын жеткізді.

«Мен қыста Аягөзден Алматыға келгенде 20 вагон болды. Сонда бар-жоғы 2-ақ дәретxана істеп тұрды. 40 градус суық, кішкентай балалар бар. Вагонда суық су да болмады», - деп атап көрсетті Н.Сабильянов.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық өзгерістерді талқылауға кірісті. Соның ішінде республикалық жолдарда көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесіне тыйым салу мәселесі де бар.

Бұдан бөлек, Uber, InDriver мен Яндекс Такси сияқты мобильді қосымшалар бойынша адам таситын көлік жүргізушілерін заңдастыру шаралары қолға алынады.

Соңғы жаңалықтар