Депутаттар орман саласындағы заңбұзушылықтарды тексеруді сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістің жалпы отырысында еліміздегі орманды алқаптарының заңсыз кесілу мәселесі көтерілді. Осы орайда бір топ депутат ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанда орманның аумағы 4,6 алты пайызды ғана құрайды. Сондықтан осындай аз орманды алқапты қорғау біз үшін аса маңызды болып табылады. Елбасымыз осы мәселеге ерекше назар аударып, Астана қаласының айналасын жасыл желекке айналдыру туралы бастамасы қолға алынды. Бұл негізінен Ақмола облысында, оның ішінде Бурабай мен Зерендіні туристік кластерге айналдыру аясында жүзеге асырылады. Осындай маңызды жобалар қолға алынып жатса да, Бурабай мен Зерендінің орманын заңсыз отау азаятын емес. Бір жас көшетті отырғызып, өсіру үшін ондаған жылдар қажет. Бірақ орман жаулары мұны назарға да алмайды. Себебі оларға ағаш кесу құқығын беріп отырған да өзіңізге қарасты мемлекеттік органдар. Бұл қаскүнемдікті дереу тоқтату керек», - деді депутат Меруерт Қазбекова.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың өзінде Ақмола облысында 110 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркеліп, отыз мыңдай шаршы метрдің ағашы заңсыз оталған.

«Жақында біздің партия фракциясына Зеренді ауданы, Қанай би ауылының 75 тұрғыны қол қойған хат келіп түсті. Онда «Кіші Түкті» орман шаруашылығының тоғыз мыңдай гектар орман қоры алқабы «Жасыл ағаш» серіктестігіне ағаш кесіп, дайындау үшін 49 жылға пайдалануға заңсыз берілгені анықталды. Жергілікті тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмеген. Мұндай оқиға Бурабай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында да орын алып отыр. Кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызу бағытында да жұмыстар жоқ деуге болады. Бұлай ағашты отай берсек, осындай аз байлығымыздан айырылып каламыз. Елімізде туристік кластерді жүзеге асыру бастамасының тамырына да балта шабылуы мүмкін», - деді М. Қазбекова.

Осы орайда «Ақ жол» фракциясының депутаттары Ақмола облысының орман саласындағы заңбұзушылықтарды жан-жақты тексеруді, сондай-ақ қатаң шара қолдануды сұрады.

Соңғы жаңалықтар