Депутаттар мектептердегі интернет сапасы мен қашықтан оқыту мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығы мәселесін көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елде орын алған жағдайға байланысты, дистанционды білім мәселесі тағы да өзекті. Депутаттық сауал «Бірыңғай білім берудің онлайн платформасының» жұмысына арналады. Бұл «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қарастырылған. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, бірыңғай білім беру платформасын енгізу үшін 5 негізгі білім беру ақпараттық жүйесі анықталған («Күнделік» ААЖ, «OnlineMektep» АЖ, «Mektep.edu» АЖ, «Bilimal» АЖ, «Daryn Online» АЖ). Бірыңғай білім беру онлайн-платформасы 8 мыңға жуық мектепте, 3 млн-нан астам оқушыға және 300 мың мұғалімге бір уақытта оқу процесінің қалтқысыз жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Алайда, сапалы интернеті жоқ ауыл мектептері үшін бұл платформа қол жетімсіз», - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда 7550 мектептің 58-інде мүлде интернет қосылмаған.192 мектепте интернет жылдамдығының төмендігі сонша, қарапайым сайтты іске қосып, интерактивті сервисті жүктеу мүмкін емес.

«Бұдан бөлек, атап өтетін басты мәселе, ауыл және қала мектептеріндегі интернет сапасына байланысты бастапқы жоспарлау кезеңіндегі министрліктің нормативті құжаттарында әртүрлі параметрлер белгіленген. Назар аударғымыз келетіндігі, ауыл мектептері үшін интернет жылдамдығы қала мектептеріне қарғанда бірнеше есе төмен», - деді депутат.

Осы ретте, келесі ұсыныстар енгізілді:

1) Бірыңғай білім беру онлайн-платформасына сапалы білім беру контентін интеграциялауды және әдіснамалық сүйемелдеу жұмыстары жалғастырылсын;

2) Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептер үшін интернет сапасына қойылатын талаптар қайта қарастырылсын;

3) Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолда бар жабдықтардың мүмкіндіктерін бағалау қайта қарастырылсын.

4) Педагогтар мен оқушылардың білім беру ортасында цифрлық теңсіздікті төмендетуге байланысты ведомствоаралық кешенді іс-жоспар әзірленсін.


Соңғы жаңалықтар