Депутат Жезқазғандағы апатты үйлерге қатысты мәселені шешуге шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жезқазғандағы 657 үйдің әрбір бесіншісінің тозығы жеткен, ал 34 тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Сенатор Советбек Медебаев өзінің депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдік қабылдаған шаралар арқылы мәселені жедел шешуге мүмкіндік жоқ. Инвесторлар жаңадан құрылған облыстың тұрғын үй құрылысына әзірше қарқынды түрде инвестиция сала қоймады. Мәселені шешу жолдарының бірі – мұндай тұрғын үйдің иелеріне өтемақы төлеу. Бірақ оны заң бойынша төтенше жағдай орын алғаннан соң және үйлер құлағаннан кейін ғана жасауға болады.

«Аталған мәселені шешудің жолы – төтенше жағдай жарияланған кезде апатты үйлердің тұрғындарына өтемақы төлеу. Бірақ Әділет министрлігі ғимарат құлаған немесе қайта жаңғыртылған кезде ғана төтенше жағдайды хабарлауды ұсынып отыр. Алайда, ғимараттың құлау фактілерінің болмауына қарамастан, ескірген тұрғын үйлердің кез келген уақытта үлкен апатты жағдайға алып келу қаупі жоғары екенін ескеру қажет. Себебі тиісті шаралар дер кезінде қабылданбаса, төтенше жағдай орын алуы әбден мүмкін. Осы орайда өңірдің маңызды мәселесіне ерекше назар аударуыңызды сұраймын», - деді депутат Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында.

Депутат тағы бір ұсыныс айтты – егер бұл олардың жалғыз баспанасы болса, авариялық пәтерлердің иелеріне жекешелендіру құқығымен коммуналдық тұрғын үйді бірінші кезекте беру керек.


Соңғы жаңалықтар