Депутат жазаны жеңілдетуге қатысты Президент тапсырмасын орындауға шақырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің саяси ерік-жігері мен батыл шешімінің арқасында ғана Қазақстан мемлекеттілігін сақтап қалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың 4-5 ақпанында Мәжілістің бір топ депутаттарымен ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 32-бабы негізінде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен, олардың туыстарымен кездестік. Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз келіп түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған, жеке телефоныма да күніне ондаған арыз-шағым түсуде. Өсіріп, жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингіден ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбатуға сөз таппадық. Айта кетерлігі, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекеттер жасағанын мойындап та отыр. Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің басқа мақсатта пайдаланылғанын түсініп, өкінуде. Ауыр қылмыстар мен кісі өлтірулер басталған кезде, алаңдағы топты тастап қайтып кетпек болғаны, алайда, белгісіз біреулер қарумен қорқытып, оларды тәртіпсіздік пен тонауға мәжбүрлеп, көпшілік арасынан шығуға мүмкіндік бермегені жайлы мысалдар да бар», - деді Б. Дүйсенбинов ҚР Бас прокурорының атына жолдаған депутаттық сауалында.

«Біздің фракция 26 қаңтардағы депутаттық сауалында бейбіт тұрғындарды ғимараттарды қиратқан бұзақылар мен кісі өлтірген қанішерлерден ажыратуды ұсынған болатын. Мемлекеттік төңкеріс жасап, жүздеген адамның өмірін қиғандар заң талабына сай, қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы қиын уақытта ел тағдыры үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Президенттің саяси ерік-жігері мен батыл шешімінің арқасында ғана Қазақстан мемлекеттілігін сақтап, елінің тыныштығын қорғап, адамдарды мал құрлы көрмей, бастарын кескен лаңкестердің құрбанына айналмады. Әрине, мұның бәріне құқық қорғау органдары қалай жол берді деген сұрақтар туындайды. Бірақ, солардың қатарынан содырлардың шабуылы кезінде алғашқы болып, үш жарым мың қарусыз қызметкер аяусыз соққыға жығылса, жиырмаға жуығы қаза тапты. Ал олардың барлығы – өз еліміздің азаматтары емес пе?», - деді депутат.

Оның пайымынша, бүгінде қоғам, азаматтарымызды бөліп, бір- біріне қарсы қоюды емес, елдігімізді, Тәуелсіздігімізді қолдауды қажет етеді.

«Біз тергеу изоляторында радикалды ағым өкілдерін де көрдік. Әлеуметтік желілерде тұрғын үйлердің терезелеріне автоматтан оқ жаудырған, мемлекеттік мекемелерге басып кірген, адамдарға шабуыл жасаған содырлардың лаңкестік әрекеттері бейнеленген материалдар жеткілікті. Әрине, мұндай фактілермен тергеу айналысуы керек. Құқық қорғаушы Айман Омарова атап өткендей, лаңкестердің көпшілігі елден шығып үлгерген көрінеді. Бұл мәселемен де жіті айналысу қажет. Осы ретте, шалыс қадам басқан жастарымызға қатысты мемлекет тарапынан гуманизм таныту қажет деп есептейміз. Биылғы жылдың 14 қаңтарында бұл туралы Президент өзінің твиттерінде «Ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, «жазаны жеңілдету» шараларын қабылдау қажет» деп жазды. Бұл салиқалы да адами көзқарас», - деді Б. Дүйсенбинов.

Оның пікірінше, адамдарды өлтіруге және ғимараттарды талқандауға қатысы жоқ ұсталғандар бойынша, қажет болған жағдайда, олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, уақытша ұстау изоляторынан босату керек. Ұсақ заңбұзушылыққа жол бергендерге қатысты қылмыстық істерді тоқтатып, ата-аналарының жауапкершілігімен үйлеріне жіберілгені жөн.

Сондай-ақ, тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан, іздеушісі жоқ бірнеше жас бала бар.

«Олар үшін, жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен, өз атымнан босатуды талап етемін», - деді депутат.

Ал қамауда қалатындарға:

1) Азаптау мен ұрып-соғудан қорғау;

2) Жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаждарға медициналық көмек көрсету;

3) Адвокаттық қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуы талап етіліп отыр.

«Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарының арасынан жедел түрде Парламенттік комиссия құрып, оны тез арада қамауда отырған Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Атырау, Ақтобе қалаларының тергеу изоляторларына жіберуді ұсынамыз», - деді Берік Дүйсенбинов.


Соңғы жаңалықтар