Депутат Жайылғанова: Реформаның мақсаты - тиімді атқарушы билік тармағын құру

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында конституциялық реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынға қазақстандық сарапшылар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова қатысты.

«Еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуы - азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етілуіне және берік мемлекеттік билік жүйесіне тәуелді. Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы барлық стратегиялық бағытта дамуына мықты президенттік билік жүйесі ықпал етті. Дегенмен заман бір орында тұрмайды, біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда. Қазір барлық мемлекеттер өзінің ең ауыр кезеңдерінің бірін бастан кешіп жатыр. Осы тұста, болашақты бағамдай білуіміз шарт. Оны нақты жобаға айналдыруымыз керек, әсіресе оның құқықтық негіздемесін құрып алған маңызды. Сондықтан саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың ең оңтайлы формуласын іздеу барысында, әлемдік деңгейдегі сәтті саясаткер ретінде Президент нақты іс-қимыл қажеттілігіне арқа сүйейді», - деп атап өтті А. Жайылғанова. 

Депутат Конституцияда едәуір өзгерістер орын алғанымен, Қазақстан президенттік басқару формасынан жаңылмайтынын атап өтті.

«Президент, Үкімет пен Парламент арасындағы өкілеттіліктерді бөлу қажеттілігі туындап отыр. Реформаның басты мақсаты - биліктің жедел, жауапты және тиімді атқарушы тармағын құру, президенттік басқару формасын сақтай отырып, парламенттің бақылаушы рөлін күшейту. Президент бұрынғысынша Конституция бойынша еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік билігі болып қала береді. Оның құзырына Конституцияны қорғау, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды реттеу, Қазақстанның қорғанысын, ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді», - деді ол.

Айта кетейік, 25 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша арнайы Үндеу жариялаған болатын. Нәтижесінде, Президенттің 40-қа жуық өкілеттігі Үкіметке, Парламентке берілді. Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу үдерісі жан-жақты өтіп, Қазақстан Конституциясына өзгерістерді бүкілхалықтық талқылау 2017 жылғы 26 ақпанға дейін жалғасқан болатын. Арнайы комиссия құрылып, халықтың барлық ұсыныс-тілектері ескерілді. Бүгін Президент «Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды .

Соңғы жаңалықтар