Депутат зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктік шегін қайта қарау кезіндегі кемшіліктерді айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктік шектерін қайта қарау зейнетақы заңнамасына сәйкес келмейді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде 600 мың адам жалпы сомасы 2 трлн теңгеге тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге өздерінің зейнетақы жинақтарын пайдаланды. Биылғы 3 желтоқсанда БЖЗҚ өзінің сайтында 2022 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жеткіліктік шегін жариялады. Нәтижесінде, жаңадан жарияланған жоғары мөлшер бойынша өздерінің зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі бар салымшылар саны 600 мыңнан 150 мың адамға дейін, яғни 4 есе қысқарады», - деді депутат Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.

Осы орайда жеткіліктік шегін көтеру қоғамда кеңінен талқыға түскенін атап өтті.

«Осы орайда бұл мәселенің шешіміне Мемлекет басшысының өзі араласуға тура келді. Президент Үкіметке 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін бұрынғы жеткіліктік мөлшеріне қатысты мерзімді ұзартуға тапсырды. «Nur Otan» партиясының фракциясы бұл мерзім Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ қателіктерін жою тұрғысында жүйелі жұмыс жүргізу үшін жұмсалуы керек деп санайды», - деді А. Жамалов.

Оның пайымынша, 2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістер мен толықтырулар ескерілген зейнетақы жинақтарының төменгі жеткіліктік шегін айқындау әдіснамасы «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы нормаларына сай келмейді.

Осы орайда ол әдіснамада методологиялық қателік жіберілгенін, яғни онда шекті мән ең төменгі зейнетақы көрсеткішінің орнына ең төменгі жалақы мөлшерімен байланыстырылғанын айтты. Бұл өз кезегінде ең төменгі жеткіліктік шектің орташа есеппен 64 пайыздан 83 пайызға дейін артуына алып келді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, заңнамаға сәйкес есептеулерде ең төменгі зейнетақы көрсеткішін пайдаланған кезде, жеткіліктілік шектің деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда тек 9 пайызға өсер еді.

Сонымен қатар А. Жамалов зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімінің ө згеруін сынға алды.

«Тағы да «тосын сыйсыз» болмады. Ешбір нақты себепсіз мақсат бойынша зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімі екі есе қысқарды, 45-тен 20 жұмыс күніне дейін», - деді депутат.

Осы орайда ол тиісті ұсыныстарды жариялады:

1) Жеткіліктік шектерін есептеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланудан бас тарту;

2) Заңнамаға сәйкес ең төменгі зейнетақы мөлшерін пайдалана отырып, 2022 жылға арналған төменгі жеткіліктік шекті қайта есептеу;

3) Өкілетті орган ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткіліктік шектерді есептеу құзыретін бекіту;

4) Жыл соңына дейін зейнетақы жинақтарын «Отбасы банкке депозитке аудару мүкіндігі туралы Президент тапсырмасын орындау, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімін 45-тен 20 күнге дейін қысқаруы себебіне түсінік беру;

5) Қызметттік тексеру жүргізіп, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктік шектерін айқындау әдіснамасын әзірлегені үшін жауаптыларды жазалау.


Соңғы жаңалықтар