Депутат: Зейнетақы қорының қаражатты қаншалықты тиімді игергенін тексеру керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Есеп комитеті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы жылдардағы шығыстарының тиімділігін тексеруі керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Бүгінгі таңда Ұлттық банк Қазақстанда зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы болып саналады. Ол инвестициялық саясатты өзі жүргізеді әрі өз қызметін қадағалауды да өзі жүзеге асырады. Зейнетақы қорының активтері, бірінші кезекте, қазақстандықтардың өз кірістерінің 10%-ы мөлшеріндегі аударымдарынан тұрады. 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір жұмыскері үшін 1,5% мөлшеріндегі қосымша жарналар қосылады», - деді А. Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайлов пен Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 9 қыркүйекте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кездесуде Қазақстандағы зейнеткерлік жасты төмендету қозғалысының белсенділері БЖЗҚ-ға өз наразылықтарын білдірді. БЖЗҚ жұмысының тиімділігіне қатысты үлкен қоғамдық наразылық бар.

«2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірісі жылдық 9,6 пайызды құрады. Ал жылдық инфляция бүгіннің өзінде 16,1 пайызға жетті. БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. БЖЗҚ активтерінің 44 пайызы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірісі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар «масыл болып, бюджетке салмақ салып отыр», себебі басқа құралдар бойынша да іс жүзінде кірістілік жоқ», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы өз Жолдауында базалық және ынтымақты зейнетақының өсетіні туралы жариялады. Бұған бюджеттен қосымша 421 млрд теңге бөлінетін болады. Бірақ БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақының мөлшері өзгерген жоқ.

«Бұл ретте 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның басқаруында өте қомақты 14 трлн теңгені құрайтын сома бар. Бұл сома Қазақстанның жылдық бюджетіне тең. Тұтастай алғанда, БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола отырып, жабық әрі ашық емес құрылым болып қалып отыр. Қаржыгерлердің шағын тобы халық ақшасын өз қалтасы ретінде басқарады. Іс жүзінде бұл ұйымның миллиардтаған кірістері мен шығыстары Есеп комитетінің бюджеттік рәсімдері мен бақылауынан шығарылған. Қазіргі кезде БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары 13 млрд теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, еліміздегі бүкіл әлеуметтік саясатқа жауапты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл сайынғы әкімшілік шығыстары 10 млрд теңгеден аспайды. БЖЗҚ қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге ғана 7,9 млрд теңге жұмсалды. БЖЗҚ құрылымында 1 495 адам жұмыс істейді», - деді А. Жамалов.

Оның пайымынша, Есеп комитеті БЖЗҚ-ның соңғы жылдардағы шығыстарының тиімділігін тексеруі керек.

«Үкімет жалғыз акционер ретінде БЖЗҚ-дан 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюджетке аударуды ұсынамын. Бұл қаражат әлеуметтік мәселелерді, яғни 58 жасында зейнетке шығу үшін еңбек өтілі мен жинақтары жеткілікті әйелдер санатының проблемаларын шешуге бағыттасын», - деді депутат.

Сонымен қатар, ол БЖЗҚ-ны Үкіметтің тікелей қарамағына, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына беру туралы мәселені қарастыруды ұсынды.


Фото: parlam.kz




Соңғы жаңалықтар