Депутат Ұлттық банкке экономиканы кредиттеуді 3-4 пайызға дейін төмендетуді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов еліміздің Ұлттық банкіне экономиканы кредиттеуді 3-4 пайызға дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Қазақстанның Ұлттық банкі экономиканы 3-4 пайызбен кредиттеу үшін базалық мөлшерлемені төмендетуге барлық мүмкіндігі бар», - деді Мәжіліс депутаты ҚР Премьер-Министрі мен Ұлттық банк төрағасына жолдаған сауалында.

Осы ретте ол Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды шектеуге әрі оны жинақтауға бағытталған ҚР Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына түзетулер енгізуді, бюджеттік және квазибюджеттік инвестициялық жобалардың тиімділігіне бағалау жүргізуді, Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, бизнес пен халыққа 3-4 пайыздық мөлшерлемемен банктік кредиттеу бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

«Инфляцияны тежегеннен гөрі экономиканы қаржыландыру барынша басымдық саналады. Өйткені, Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеп отыр ғой. Ал халықтың табысы аз топтары үшін әлеуметтік төлемдер индекстелуі мүмкін. Салыстыру үшін айтар болса, Ресей банк барынша батыл әрекет етіп, баға өсімінің барлық тәуекелдеріне қарамастан негізгі мөлшерлемені 5,5 пайызға дейін төмендетті», - деді Аманжан Жамалов.


Соңғы жаңалықтар