Депутат тері мен жүн экспортына салынатын кедендік бажды алып тастауды ұсынды
2022 жылғы 29 маусым 16:08

Депутат тері мен жүн экспортына салынатын кедендік бажды алып тастауды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев тері мен жүн экспортына салынатын кедендік бажды алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда ауылдық жерлерде төрт түлік малдың терісін өңдеуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Біз оған жақында болған халықпен кездесу барысында көз жеткіздік», - дейді депутат.

Оның дерегі бойынша, 2021 жылы Қазақстанда 130 мың бас жылқы, 1 млн ірі қара, 1,5 млн ұсақ мал сойылған. Ал биылғы 5 айда 60 мың жылқы, 350 мың сиыр, 550 мың қой мен ешкі сойылған.

«Біздің зерттеуіміз бойынша, осы жылдың басынан бері жылқы терісін экспорттау мүлдем болған жоқ. Ал ірі қараның 66 500 терісі экспортқа кеткен.

Ешкі мен қой терілері экспортка мүлдем шықпаған, өзімізде өңделген де жоқ. Халық, амал жоқ, ауыл маңындағы күл-қоқысқа тастауға мәжбүр. Соның салдарынан еліміздің экологиясы зардап шегуде. Қазіргі таңда біздің ел тері мен жүнді шірітіп жатыр. Себебі тері мен жүнді экспорттауға кедендік баж салығы қойылған. Яғни, теріні шетелге сататын болсаң, тоннасына 200 еуро төлейсің. Сондықтан теріні шетелге шығару тиімсіз болып отыр. Кедендік баж салығын алып тастап, шетелдік нарықты қайта табуларыңыз керек», - деді депутат.

Оның пайымынша, жүн экспортына салынатын 10% баж да артық.

«Мысалы, 1 млн долларға жүн алса, 100 мың доллар төлеу керек болады. Мұндай салықтан кейін қандай ел біздің төрт түлік малдың жүн-терісін алады? Тері мен жүн экспортынан кедендік баж салығын алып тастау үшін бірқатар министрлік өкілдерімен хабарласып, осы мәселе бойынша сөйлескенде, бәрі «дұрыс» деп құптайды, ведомствоаралық комиссия да талқыланып жатқанын айтып жауап береді. Бірақ бұл сіздер талқылап жатқанда қоршаған орта аяусыз ластанып жатыр»,- деді Сырым Ертаев.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT