Депутат санының қысқаруы, жаңа партиялар мен жаңа ережелер – Наурыз қарсаңындағы сайлау қалай өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтеді. Онда 12 млн-ға жуық азамат дауыс беріп, өз таңдауын жасайды. ҚазАқпарат агенттігі алдағы сайлаудың ең басты жаңашылдықтарына шолу ұсынады.

Мәжілістегі маңызды өзгерістер

19 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің жетінші сайланған Мәжілісін тарату туралы Жарлық шығарды. Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалады және олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл болмақ.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы – партиялық тізімдер бойынша сайланбақ.

Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мажоритарлық жүйе – саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс.

Бұған дейін саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдеген еді. Бұрын партия құру үшін құрамындағы адам саны 20 мыңға жетуі тиіс еді, ал қазір 5 мыңға дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінде, әр өңірде кемінде 600 жақтас болуы шарт еді, бүгінде саяси ұйымның тіркелуі үшін әр аймақтан 200 адам жеткілікті.

Партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталады.

Үміткерді ұсыну, тіркеу кезеңдері

Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі.

18 наурыз – тыныштық күні. Ал 19 наурыз – сайлау күні.

Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс беруді аяқтаудың өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.

Кандидатқа қандай талаптар қойылады?

Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жыл бойы Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған азамат кандидат бола алады. Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сотта анықталған адам ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихатының депутаттығына кандидат бола алмайды.

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы мына ұйымдарда болады:

1) партиялық тізімдер бойынша сайланатындар – саяси партиялар;

2) бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатындар – саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері және азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы сайланады.

Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады. Партиялық тізім бойынша құжаттар Орталық сайлау комиссиясына, бірмандатты сайлау округтері бойынша құжаттар – тиісті округтерге ұсынылады.

Парламент Мәжілісі депутаттығына әрбір кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Елімізде 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып белгіленген. Осылайша, Мәжіліс депутаттығына сайлау жарнасы 1 млн 50 мың теңгені құрайды. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақыны (350 мың теңге) құрайды.

Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5% жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда жарна кандидатқа кері қайтарылады.

Сайлауға қандай партиялар қатыса алады?

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» - 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген.

Дегенмен, Әділет министрлігінің хабарлауынша, мәслихат депутаттарын сайлауға Respublica партиясы қатыса алмайды және «Байтақ» жасылдар партяисының қатысуына шектеу бар. «Байтақ» саяси партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты, тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында мәслихат депутатын сайлауға қатыса алады. Respublica партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің болмауына байланысты мәслихат сайлауына жіберілмеген.

Мәслихаттарға депутат кандидаттарын ұсыну кеше 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанға дейін жалғасады. «Байтақ» және Respublica партиялары осы кезеңде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашып үлгерген жағдайда тиісті сайлауға қатысуға рұқсат алады.

Қазақстанның басқа бес саяси партиясы мәслихаттар сайлауына еш шектеусіз жіберілді.

Сонымен бірге, Әділет министрлігі тағы екі партияны тіркеуді қарастырып жатыр. «Ел тағдыры», «Ұрпақтар жалғастығы» партияларына тиісті растама құжаттары берілген. Енді олар сьезд өткізіп, 8 ақпанға дейін тіркеліп үлгерсе, сайлауға қатысуы бек мүмкін.

Дауыс берушіге 4-5 бюллетень беріледі

Сайлауда бір емес, 4 немесе 5 бюллетень болады. Парламент Мәжілісі депутаттарын пропорционалды негізде, яғни партия тізімі бойынша сайлауға бөлек бюллетень болады. Ол барлық өңірлерде барлық сайлау учаскелерінде таратылады. Екінші бюллетень – Парламент Мәжілісінің бірмандатты депутатына арналған, мұнда әр округтен 29 депутат сайланады.

Үшінші бюллетеньде – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының мәслихаттарына сайланғысы келетін партиялар тізімі болады.

Төртінші бюллетень – облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, ел астанасының бірмандатты округы үшін таратылады, онда да кандидаттар ұсынылады.

Бесінші бюллетень облыстарда - 17 өңірде қолжетімді болады, бұл қалалық немесе аудандық мажоритарлық бюллетень. Мәселен, Түркістан облысының Шардара ауданында тұратын адамға өз ауданының мәслихатының депутаттарын сайлау бюллетені беріледі. Осылайша, мегаполистерде 4 бюллетень, қалған өңірлерде 5 бюллетень болады.

Сонымен бірге «Бәріне қарсымын» бағанасы барлық бюллетенде көрініс табады.

Сайлаушылар нені білуі керек ?

Мәжіліс сайлауында 12 млн-ға жуық азамат өз таңдауын жасайды. Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әр азамат дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни, 2023 жылғы 17 ақпаннан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы.

Аталған құқықты дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтын азаматтар, басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханадан тыс тұратын студенттер, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да пайдалана алады.

2023 жылғы 4 наурыздан бастап тұрғындар тіркелген мекенжай бойынша өзінің сайлаушылар тізіміне еніп-енбегенін тиісті әкімдіктің сайты немесе колл-орталығы арқылы тексере алады.


Соңғы жаңалықтар