Депутат санитариялық-эпидемиологиялық қызметтегі кемшіліктер туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында денсаулық сақтау проблемаларын талқылау кезінде депутат Жәмилә Нұрманбетова санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы кемшіліктерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз пандемия жағдайында Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет (СЭС) рөлінің маңыздылығына тағы да көз жеткіздік, өйткені бұл қызмет өмірдің барлық салаларына тікелей әсер ететін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатына жауап береді. Алайда, қатаң карантин жағдайында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, саланың жүйелік проблемалары кешені анықталды. Бүгінгі таңда санэпидқызмет ескерту қадағалауын қамтамасыз ету функциясын жоғалтты, оның бүкіл қызметі тек ағымдағы қадағалауға бағытталған. Оның тиімсіздігі өзінің тартымдылығын да, тәуелсіздігін де жоғалтуға әкелді. Сонымен қатар, осы саланы қалдық қаржыландыру және бірнеше рет реформалау оның ақырын «жойылуына» алып келеді», - деді Ж. Нұрманбетова.

Оның айтуынша, аса қауіпті инфекциялардың жыл сайынғы өршуі СЭС қызметінен жедел ден қоюды, инфекциялық аурулар қоздырғыштарының түрлерін анықтауды және оларды жоюды талап етеді. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай электрондық жүйесінің болмауы азаматтардың денсаулық жағдайы, инфекцияның берілу мүмкіндігі және инфекциялық аурулардың ошақтарын анықтау туралы анық ақпаратқа жедел қанық болуға мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде эпидемиологиялық ахуалды болжауға және бағалауға әсер етеді.

«Бұдан басқа, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүргізудің ашық болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісіне негіз болады. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректері бойынша соңғы 3 жылда 59 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. Осыған байланысты, қысқа мерзімде «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» бірыңғай ақпараттық жүйесін ендіру қажет деп пайымдаймыз. Соңғы 5-7 жылда қызметтен жоғары білікті мамандардың кетуіне жол беру де өткір проблема болып отыр, бұл тұтастай алғанда, қызметтің кадр құрамының біліктілігіне әсерін тигізді», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар