Депутат Р. Шаекин мемлекеттік қызмет көрсетуге қолжетімділікті бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин Қарағанды қаласында «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комиссиясының құжаттарға рұхсат беру және мемлекеттік қызмет көрсетуге қолжетімділік мониторингін бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің өкілдерімен кездесті.

Онда «Нұр Отан» ХДП сайлауалды платформасының жүзеге асуына қатысты мәселелер талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады. Еске сала кетейік, депутат Рауан Шаекин Партиялық бақылау комиссиясының құжаттарға рұхсат беру және мемлекеттік қызмет көрсетуге қолжетімділік мониторингін бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы болып табылады.

Жүздесу барысында депутат республикалық қоғамдық кеңестің жұмысы жайында баяндады. Атап айтқанда, Р. Шаекин «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мекемелерінің жұмысына тоқталды. Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда автокөліктерді тіркеу бойынша арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру мәселесі белсенді қолға алынып келеді. Мәселен, 2012 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында жүргізушілерге куәлік беретін және автокөліктерді тіркейтін еліміздегі ең алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған. Содан кейін мұндай орталықтар республиканың басқа да қалаларында құрыла бастады.Сонымен қатар, Рауан Шаекин осы бағыттағы жұмысты жетілдіре түсетін «Мемлекеттік қызмет көрсету» туралы заң турасында әңгіме өрбітті.

Бұдан бөлек, жиын барысында сумен, жылумен, электрмен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде сөз қозғалды. Жылу мен электрге бағаның өсуіне қатысты депутат «Электр энергетикасы туралы» заң шеңберінде қарастырылған тарифтер туралы айтып өтті. Мұнда, депутаттың айтуына қарағанда, тарифтерге инвестициялық құрамдар, энергия тасымалдаушы, энергия өндіруші мекемелерді техникалық қайта жабдықтау мен ұлғайтуға арналған шығындар қосылып отыр.

«Жалпы, сумен қамтамасыз ету жайында тиісті заңнамалық шешімдер әлі жасалмаған. Соған байланысты мәселе қосымша қарастырылып, «Нұр Отан» ХДП Республикалық қоғамдық кеңесінің алдағы отырысында талқыланып, Орталық аппараттың бақылауына алынады. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес отырысы шамамен қазан айында Қарағанды қаласында өткізілмекші», - деді Р. Шаекин.

Соңғы жаңалықтар