Депутат орманшылардың жалақысын екі есе көтеруді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі дала өртінің жағдайы өте күрделі деңгейге жетті. Сенатор Айгүл Қапбарова осыған байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында орман шаруашылығы саласын сақтау жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор өрт қаупі бар жағдай кезінде орманшылар тап болатын негізгі мәселелерге назар аударды. Олардың қатарында су цистернасы бар автокөліктің тым алыс болуына байланысты өрт ошағына уақытында жете алмауы, қазіргі заманғы әуе құралдарының болмауы, қызметтік көлікпен, арнайы киіммен және басқа да жабдықтармен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі мәселесі бар.

«Егер біз Қазақстанның табиғатын сақтап қалғымыз келсе, орманшылардың жағдайын жақсартуымыз керек», - деді Айгүл Қапбарова.

Сонымен қатар, сенатор қазіргі қызметкерлердің зейнетке шығуына байланысты білікті орман шаруашылығы қызметкерлерінің саны жыл сайын азайып бара жатқанын, ал жастар жалақының төмендігіне байланысты олардың орнына келгісі келмейтінін атап өтті.

«Бірнеше жылдан кейін бұл салада мамандар мүлдем қалмауы мүмкін. Орман және табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту және оларды нормативтерге сәйкес алдағы үш жыл ішінде 100% қамтамасыз етуді, орман шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы орын алмауы үшін орман мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің жалақысын кем дегенде екі есеге арттыруды көздейтін кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар