Депутат онкологиялық науқастарға дәрі-дәрмектің уақтылы жеткізілмеуі мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ғалымжан Елеуов дәрілік қамтамасыз етуге қатысты мәселе көтеріп, Денсаулық сақтау министрінің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өмірлері үшін аса маңызды препараттардың уақытында жеткізілмегеніне байланысты ауыр диагноздары бар адамдардың сансыз шағымдары мен арыздары түсіп жатыр. Сәуір айының ортасы болғанымен, алайда тізімдегі дәрілік заттардың 70-ке жуық позициясы бойынша препарат сатып алынбаған. Сонымен бірге осы 70 тармақтан басқа, сатып алынды деп көрсетілген 45 позиция бойынша алғашқы жеткізілу мерзімі сәуір айынан басталады, ал кейбіреулер тіпті 2021 жылдың қазан айынан бастап жеткізіледі екен», - деді депутат.

Оның айтуынша, 2021 жылға арналған Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2020 жылдың 28 шілдесінде бекітілген.

«Яғни, 2021 жылдың басталуына дейін халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша міндет алдын ала белгіленді. Осыған қарамастан менің ресми сауалдарыма СК-Фармация ақпараты бойынша онкологиялық науқастар үшін L-аспарагиназа, Винбластин, Денозумаб, Метотрексат, Циклофосфамид секілді ісікке қарсы препараттар сатып алынбаған», - деді ол.

Ғалымжан Елеуовтің сөзіне қарағанда, «Тамоксифен» де кеш әкелінді.

Бұдан бөлек, «Анастразол» және «Интерферон альфа», «онко-БЦЖ» толық емес көлемде жеткізілді.

«Қазіргі кезде онкологиялық ауруханалардың есебінде 180 мыңнан астам азамат тіркелген. Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде олардың қатары 30 мың адамға көбеюде. Бұл науқастарға арналған дәрілердің тіпті 10 күнге кешігіп жеткізілуі ауыр жағдайға алып келуі мүмкін», - деді депутат.

Мұнымен қоса ол туберкулезге шалдыққан науқастарға арналған препараттар да уақытында жеткізілмегенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар