Депутат коммуналдық қызмет жұмысшыларын мемлекеттік баспана алатындар тізіміне қосуды ұсынды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бауыржан Сартбаев коммуналдық қызмет жұмысшыларына баспана сатып алу үшін жеңілдетілген пайызы төмен несие беру бағдарламасын іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын құру міндетін белгіледі. Ендігі кезекте, жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында бұрын мемлекеттік бағдарламалармен қамтылмаған әлеуметтік топтардың мүддесін ескеру қажет. Бұл санатқа шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері және тағы басқалар жатады», - деді Б. Сартбаев Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, жұмысы елді мекендер әрі тұтас өңірлердің қауіпсіздігі мен тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтердің жұмысшылары тұрғын үй алу немесе жеңілдетілген талаптары бар бағдарламалардан тыс қалмауы тиіс.

«2022 жылдың жазында «Астана су арнасы», «ҚазСуШар» кәсіпорындарында сайлаушылармен кездесу кезінде жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер туралы мәселе қозғалды. Мәселен, Қаныш Сәтпаев атындағы су арнасының қызметкерлері тұрғын үй сатып алу үшін мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсына қатыса алмайды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне жататын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Резерв» мемлекеттік кәсіпорыны сияқты ұйымдар да осындай мәселе бар. Мұнда да қызметкерлер коммуналдық немесе мемлекеттік тұрғын үй алу үшін кезекке тұра алмайды, ал коммерциялық тұрғын үй сатып алуға олар үшін арнайы жеңілдіктер жоқ. Бұл мекемелердің қызметі мемлекеттік дотация есебінен жүзеге асырылады, қызметкерлердің жалақы деңгейі коммерциялық сектор мамандарымен салыстырғанда біршама төмен», - деді депутат.

Осы орайда ол коммуналдық қызмет жұмысшыларын мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдар тізіміне қосуды сұрады.

«Жұмысы елді мекендер әрі жалпы өңірлердің қауіпсіздігі мен тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін коммуналдық қызмет адамдары үшін тұрғын үй алу мүмкіндіктерін немесе баспана сатып алу үшін жеңілдетілген пайызы төмен несие беру бағдарламасын іске қосу маңызды. Коммуналдық кәсіпорындардың жас мамандарын отбасылық жатақханалармен қамтамасыз ету керек», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар