Депутат көмірді жағу қысқартылғанда қандай мәселелерге мән беру керек екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда көмірді жағуды қысқартқан жағдайда қандай мәселелерге мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық климаттың өзгеруі көптеген мемлекеттердің қалыптасқан ауа-райын өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайларына кері әсер ете бастады. Бұл өзгерістер Қазақстанда да байқала бастады. Мысалы, соңғы бес жылда Маңғыстауда жауын-шашынның мөлшері нормадан 1,5-2 есеге кем түскен, Жайық өзені ағымының мөлшері 2,5 есеге азайған. Іле Алатауындағы мұздықтар 40%-ға қысқарған. Бұл жағдайлар еліміздің экономикалық және әлеуметтік салаларына кері әсерін тигізе бастады. Ғалымдар мен мамандар климаттың жаһанды өзгеруі антропогендік қызметтің салдарынан пайда болған парник газдардың атмосфераға көптеп шығарылуына байланысты деп есептейді. 2020 жылдан бастап жаһандық температураның 2 градустан астам өсуіне жол бермеу туралы Париж келісімін Қазақстан 2016 жылы ратификациялады», - деп тоқталды Е. Жаңбыршин ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Үкімет «Көміртегі бейтараптығына 2060 жылға дейін қол жеткізу доктринасын» жасақтады және оған сәйкес сол кезеңде көмірмен жұмыс жасайтын бірде-бір электр стансасы болмау керек. Қазақстанда шығарылатын СО2 эквивалентінің 80% жуығы отын-энергетикалық сектордың үлесінде, оның 32%-ы жылу және электр энергиясын шығаруға тиесілі. Қазақстандағы электр және жылу энергиясын өндіруде көмір негізгі энергия көзі болып отыр және оның ең үлкен көміртегі ізі бар.

«Көмірмен жұмыс жасайтын станциялар отанымыздың солтүстік энергетикалық аймағында орналасқан және осы аймақта бүкіл Қазақстанның электр генерациясының 76% өндіріліп, электр энергиясы көлемінің үштен екісі тұтынылып және халқымыздың 41% шоғырланған. 2021 жылдың басында көмірмен жұмыс жасайтын базалық электр стансаларының қондырылған қуаты 13,4 ГВт болды. Тек бір ғана Екібастұздағы ГРЭС-1-дің электр қуаты 4 ГВт-ты құрап отыр. Базалық режимде жұмыс жасайтын электр стансаларының қуатын 40 жыл ішінде қандай генерациялармен ауыстырамыз? Мұндай базалық қуаттың деңгейін қандай альтернативалық энергия көздері өндіре алады? Ал, оның ішінде солтүстіктің аймақтың табиғи-климатық жағдайында, жаңартылған энергия көздері тұрақты және сенімді энергия генерациясымен қамтамасыз ете ала ма? Себебі 2020 жылы ақпан айында Техаста ауа температурасы минус 20 градусқа түсіп, жел қондырғыларының қалақтары істен шығып, күн панельдерін қар басып қалғанда үлкен энергетикалық кризис болды», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің көмір жағатын стансаларында 17,5 мыңнан астам, ал көмір шығаратын орта және ірі кәспорындарда 40 мыңға жуық адам жұмыс жасайды.

«Қазақстанда көмірді пайдалануды тоқтатса, кемі 57 мыңнан астам жұмыс орындары қысқарады және осы өндірістердің қызметіне байланысты өмір сүріп отырған қалалар мен облыстардың жағдайы не болмақ? Көмір өндіру мен пайдалану салаларында жұмыс жасап отырған адамдарға қандай жаңа өнеркәсіп орындары ашылады? Сайып келгенде, халық, болашақта не болатынын, білу қажет қой!

Парниктік газдарды азайту мен экологияны жақсарту үшін альтернативалық энергетиканы дамытуымыз қажет, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ энергетика саласын трансформациялау прагматикалық тұжырымдар мен нақты есептеулерді қажет етеді», - деді Е. Жаңбыршин.


Соңғы жаңалықтар