Депутат көлігімен «Қызылорда-Жезқазған» жолын қалай жүріп өткенін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясы жанындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның отырысында депутат Геннадий Шиповских жеке көлігімен «Қызылорда-Жезқазған» жолымен қалай жүргенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«25 тамыз күні Қызылордадан Астанаға өзімнің жеке автокөлігіммен жолға шықтым. Осы екі қаланың арақашықтығы 1 100 шақырымды құрайды.  Соның ішінде Қызылорда қаласынан Жезқазғанға дейін 8 сағат жүрдім. Жалпы, Астанаға дейін 15 сағатта келдім, бірақ «Қызылорда-Жезқазған» учаскесіндегі 420 шақырымды жүріп өтуге көп уақыт кетті. 420 шақырымның 250 шақырымы өте апатты жағдайда. Бұл жолмен көліктер сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен ғана жүре алады.  Жол бойында 4-5 көліктің істен шығып қалғанына куә болдым», - деді депутат.

Осыған байланысты депутат «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысына ерекше мән беру керектігін алға тартады.

«Бұл жолмен жүретін жүргізушілер зардап шегіп жатыр. Сайлаушылармен кездескен кезде, аталған жолдың проблемасы үнемі көтеріледі»,- деді Геннадий Шиповских.

Өз кезегінде ҚР Индустриялық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта салу мәселесі өзекті екенін атап өтті. 

Келесі жылға аталған жолдың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатнаманы әзірлеу үшін бюджетте тиісті қаржы қарастырылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай,  жақында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысына ірі халықаралық қаржы институттар қызығушылық танытып отырғанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар