Депутат Қазақстандағы ұшақ рейстерінің жиі кешігуін сынға алды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы Қазақстанда 12,8 мың әуе рейсі кешіккен және оның 912-сіне ғана ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат елдегі шектеу шаралары алынғанын, халықтың қалыпты өмірге оралып, жүк және жолаушылар тасымалы қайта жанданып, ұшақтардың ұшу жүйесі іске қосылғанын атап өтті.

«Пандемияның уақытында ұшу жиілігі кемінде 1,5 есеге азайғанын ескерсек, қазір еліміздегі ең ірі авиакомпанияларға (Air Astana, SCAT, Qazaq Air) тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді. Дегенмен, еліміздегі рейстердің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызмет сапасына байланысты халық арасында наразылық бар екенін мойындауымыз қажет. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6735 рейсі кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мың рейстің 12,8 мыңы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр. Яки, ұшу рейстері айтарлықтай көбеймесе де, борттардың кешігу себептері шамамен екі есеге көбейген», - деді Е. Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Мұндай жағдайда әуе компаниялардың жауабы «ауа райының қолайсыздығына» келіп тіреледі. Бірақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,8 мың кешіккен рейстің 9045-і борттың кешігіп келуіне байланысты орын алған. Оның ішінде «SCAT», «Qazaq Air» әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсі кешіктіріліп отыр. Ал, ең қызығы ауа айының қолайсыздығына байланысты деген тармақпен небәрі 912 рейс кешіккен.

«Өздеріңіз білетіндей, ішкі рейстердің жиілігін көбейту мен халықтың ұшақпен пайдалану деңгейін арттыру үшін Үкімет 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд теңге бөлді. Ал, оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд теңге «SCAT», «Qazaq Air» компанияларына бөлінетінін ескерсек, олардың қандай сапалы қызметіне осынша қаржы бөлінуі тиіс? Рейстің кешігуі бойынша смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланамыз. Ал «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заң баптарына сәйкес, әуе компаниясы кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынуға міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті қызметтерін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырғанын естімедік. Тек, БАҚ-тың араласуы арқылы қоғамдық резонанс тудырғанда ғана тұтынушылар қол жеткізіп жатады. Осы ретте, тиесілі министрлік тарапынан кешігуді қалыпты жағдай ретінде қабылдамай, керісінше қызмет сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды реттеу қажет екенін ескертеміз», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, әуекомпаниялардың онлайн тіркеу қызметін көрсетудегі арнаулы ақылы орындардың бағасы бойынша шағымдар жиілеп келеді.

«Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті? Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есеге артады. Мысалы, Түркиядан Air Astana компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгеге жетеді. Құрметті, Роман Васильевич! Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын қазақ әуеиндустриясының ахуалылын еуропалық стандарттарға сай реттеуіміз қажет. Алдағы жазғы демалыс күндерінде, елдің сапар байланысын уақыттында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеуді қолға алуыңызды сұраймыз», - деді Е. Бейсенбаев.

Соңғы жаңалықтар