Депутат қаржы институттарына субсидияланатын қаражатты тікелей аударуды сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазыбек Әлішев фермерлерге субсидия бөлу мәселесіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешен саласына мемлекеттік қолдау шаралары әсерінен еліміздің мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында оң даму серпіні байқалды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жиі көтеретін мәселенің бірі несие мен лизингтердің пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуына қатысты. Айта кету керек, бүгінде несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 17% - дан 24% - ға дейін өсті, оның 6% - ын шаруашылықтар төлейді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары несие мен лизинг бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болып отыр. Себебі бюджет қаражатының тапшылығынан субсидияларды уақытылы төлеу мүмкіндігі бола бермейді. Осының салдарынан шаруашылықтар несие бойынша сыйақыны өз айналым қаражатынан толық көлемде төлеуге мәжбүр», - деді Қ. Әлішев Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрлерінің атына жолдаған сауалында.

Осы орайда депутат шаруалардың ұсыныстарын жеткізді.

«Несие мен лизингтер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін қаржы институттарына субсидияланатын қаражатты тікелей аудару мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл мәселені шешу ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсуіне оң әсер етеді және фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартады», - деді Қазыбек Әлішев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде субсидия беру жүйесі өте күрделі екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар