Депутат кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсу себептерін айтты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елімізде кәмелетке толмағандар арасында жасалған 547 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда сенатор Қайрат Тастекеев Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған депутаттық сауалында аталған мәселеге тоқталды.

Депутаттың айтуынша, жастардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Бұл ретте білім беру маңызды рөл атқарады.

Сенатордың пайымынша, жаппай құқықтық тәрбиенің жеткілікті болмауы жастар арасындағы қылмыспен тиісті деңгейде күресуге мүмкіндік бермей отыр.

«Жастар қоғамның белсенді бөлігі екенін ескере отырып, олардың сауатын көтеру және заңға бағытталған мінез-құлық үлгісін тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жасөспірімдер арасында заңға деген оң көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ білім берудің барлық деңгейінде арнайы оқу жоспарлары мен курстары арқылы құқық жүйесінің ерекшелігімен таныстыру маңызды. Құқықтық білім беру процесінде оқушы қоғамда өте маңызды құндылықтарды меңгеретіні мәлім. Сондықтан оқу орындарында арнайы білім берумен қатар, құқықтық сауаттылықты да көтеру өте маңызды», - деді Қайрат Тастекеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Artsport бағдарламасы іске қосылған кезде жасөспірімдер мен балалар қылмысы төмендей бастағанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар біршама тежеліп, қаржыландыру саласындағы мәселелер болған кезде, балалар арасында қылмыстар саны қайтадан өскен.


Соңғы жаңалықтар