Депутат Еспаева: әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды таратып жіберу керек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ӘКК-нің негізгі мақсаты өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу екеніне қарамастан, іс жүзінде олар тұрақтандыру қорының қаражатына билік ететін әкімдіктер жанындағы шаруашылық ведомстволарына айналған. Бұл жайында біз 2015 жылы айтқан едік», - деді Д. Еспаева Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, 2017-2020 жылдардағы депутаттық сауалдарда ӘКК қызметінің тиімділігіне және қойылған міндеттерді орындауына талдау жүргізу талап етілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің алқа мәжілісінде корпорациялардың негізгі табысы депозиттерден пайыз үстемесін алудан және мүлікті сатудан, үлестес тұлғаларға төмен құны бойынша жер учаскелерін беруден келіп жатқаны атап өтілді.

«Бұдан басқа, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 39 млрд теңге жұмсалғанымен, нәтижелері көзге көрінген жоқ. Несиелер үлестес компанияларға берілді. Осы дерек бойынша ӘКК лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген. Ал шығын 7 млрд теңгеден асқан», - деді депутат.

Сөз соңында Д. Еспаева әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды таратуды және олардың қызметінің барлық түрін бәсекелес ортаға беруді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар