Депутат Ертаев екі вице-министр туралы: Бұл - нағыз масқара

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың жанында орналасқан және әскери танктер мен БТР көліктерін шығаратын «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС бүгін Парламент депутаты, генерал Бақытжан Ертаев пен Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке өз өндірістерін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  
Жалпы, бұл бірегей зауыт тура бір жыл бұрын, 2015 жылдың 30 қарашасында ашылған болатын. Қазір кәсіпорын оқ өтпейтін көліктерді, БТР машиналарын, танктер мен азаматтық мақсатқа арналған көліктерді шығарады. Және бүгін өндіріс барысын көрсету үшін депутат Бақытжан Ертаев пен ғарышкер ұшқыш, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровті Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараға шақырған екен.

Зауыттың жұмысымен танысып, қорғанысқа қатысты көп сұрақ қойған Бақытжан Ертаев бұл шараға жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері неге қатыспады деп, қынжылыс танытты. Жалпы, бүкіл өмірін қорғаныс саласына арнаған генерал үшін жаңа министрліктің басшылығына да көңілі толмайды екен.   

«Үш жыл бұрын Парламентте  Үкімет басшысына қарата сөз  сөйлей отырып, қорғаныс өнеркәсібін құру керек деген едім. Қазақстан өзінің қорғаныс өнеркәсібін өзі құру керек. Міне, жаңадан министрлік құрылды.  Яғни, біз қару-жарақ, оқ-дәрі техникасын сатып аларда базарда тұрған адамдай, басқа жақпен саудаласып тұруға болмайды. Бас штаб техниканы тапсырыспен өз елінде жасату керек. Әскери адамды осындай сауда-саттыққа жолатпаған абзал. Бүгін мына зауытты көріп жүрміз, бірақ қорғаныс өнеркәсібі саласының мамандарын көріп тұрған жоқпын. Атамқұловтың (Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов - агенттік) министрлігінде болдым. Бірақ, ол жерде де әскери адам жоқ. Екі вице-министр отыр, екеуі  де әскери адам емес. Бұл не масқара! Бұлай болмауы керек. Министрлікте тым болмағанда бір вице-министр әскери адам болғаны міндетті.  Әлгі екі вице-министр мына жерге келсе, танк пен БТР-ді ажырата  алмайды да»,-деді ашуланған генерал, Парламент депутаты Б.Ертаев.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 7 қазан күні Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар