Депутат еліміздегі мектептердің күзетіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Андрей Линник ел аумағындағы мектептер мен балабақша қауіпсіздігін күшейтуге қатысты ұсыныс айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан қаласында болған қайғылы оқиға үрей тудырғаны анық. 19 жастағы адамның қолынан мұғалімдер мен оқушылар құрбан болды. Зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», - деді депутат.

Оның айтуынша, мектептердегі күзет фунцияларын көбіне зейнет жасындағы вахтерлер атқарып келеді.

«Олармен сыпайы әрі сенімді негізде сөйлесу ғимаратқа кедергісіз кіруге жеткілікті болады. Ал егер қастандық жасау ниетінде келген адам болса, егде жастағы күзетші оған қандай қарсылық көрсете алады?», - деді Андрей Линник.

Осы орайда ол мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер және олардың аумағындағы жерлерде қауіпсіздік тиісті деңгейде емес екенін айтты.

«Қазандағы жағдайға тоқталсақ, мектеп аумағына бөтен адам кірген болатын. Бірақ басқа елдерде осыған дейін болған оқиғаларда әлеуметтік желі мен компьютер ойындар ықпалымен оқушылардың өздері осындай қылмысқа барып жататынын көрдік», - деді депутат.

Осыған байланысты депутаттық сауалда бірқатар ұсыныстар айтылды.

Біріншіден, оқушылар сыйымдылығына қарамастан, білім беру нысандарының антитеррористік қорғаныс жүйесіне талаптарды қайта қарау мәселесі көтерілді.

Екіншіден, қоғамдық орындарды күзететін күзет қызметтерінің қызметкерлеріне қару ұстауға және оларға мүліктік кешенді ғана емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігін де күзетуді жүзеге асыру міндетін жүктеуге рұқсат беру ұсынысы айтылды.

Үшіншіден, мектеп психологтарының жұмысын күшейту керек екені жеткізілді.

Төртіншіден, атыс қаруын алып жүру мен сақтауға рұқсат беруге қадағалауды күшейту керектігі айтылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 11 мамырда Қазан қаласындағы мектепте қылмыскер оқ жаудырып, адамдар құрбан болды. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Татарстанның Қазан қаласында болған жағдайға байланысты еліміздегі ағымдағы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

«Біз осы қайғылы оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Кеше осы мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Ағымдағы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым», деп жазды министр.


Соңғы жаңалықтар