Депутат еліміздегі қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты екенін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында жасалған қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау айтты.

Оның сөзіне қарағанда, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі көптеген елдерде әлі де өзекті күйінде. Онымен түрлі қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар айналысып жатыр, алайда қоғам проблеманы шешуге белсене араласа бермейді.

«Үй ішінде әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, зорлау, өмірлерін қию оқиғалары күн сайын жалғасып жатқаны жасырын емес. Біз күн сайынғы жаңалықтардан қоғамды алаңдататын, бірақ көп ұзамай ұмытылып кететін ең ауыр қылмыстар туралы үнемі оқып, естіп біліп жатамыз. Десе де қоғам қалыпты тыныс-тіршілігін жалғастырып жатыр, күн сайын үй ішінде де, сыртында да зорлық-зомбылық оқиғалары орын алуда», - деді ол.

Нұргүл Тау Ішкі істер министрлігінің Қазақстандағы қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық екенін растайтын статистикасын мәлімдеді. Онда былтырғы 9 айдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 100 мыңнан астам оқиғасы тіркелгені көрсетілген. Алайда, олардың 60 пайызында жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқандықтан, құзырлы орган өкілдері тиісті шара қолдана алмаған.

«Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының орташа жасы 33-ті құрайды. Олардың басым бөлігі – экономикалық жағынан тәуелді әйелдер. Ал Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің дерегіне сенсек, біздің елімізде күн сайын 5-6 бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2021 жылы балаларға қатысты 2088 қылмыс тіркелсе, оның 913-і жыныстық сипатта болған», - деді Нұргүл Тау.

Ол өзі келтірген сандардың барлығы тек ресми статистика екенін алға тартты. Сондықтан да депутат отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартудың уақыты келді деп есептейді.


Соңғы жаңалықтар