Депутат егіс алқаптары тапталған шаруалардың шығынын өтеу мәселесін көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аян Зейнуллин егіс алқаптары тапталған шаруалардың шығынын өтеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебі бойынша киіктердін саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржысы желге ұшады. Мәселен, Ақмола облысында жылына 150 мыңдай гектар егін алқабы бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды. Несиені өтей алмаған шаруалар банкрот болады. Бұндай жағдайда Үкіметтің жайбасарлығы таң қалдырады. Тапталған егістікке қатысты шығынның өтеуі жоқ. Бұған менің еш қатысым жоқ деп, тек сырттан ғана қарап қалай отыра аламыз?», - деді А. Зейнуллин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, түрлі себептермен мерт болған киіктер де көп кездеседі.

«Кәдеге жаратпаса да, қабырғаны безендірермін деген оймен мерт болған киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, онын ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң талаптарын бұзғандарды жақтап отырғанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек. Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз. Әрине бұл дұрыс емес. Қазақстанға киік мәселесімен қаншама шет елдік сарапшылар келгенімен, ешқандай нақты шешім жоқ», - деді депутат.

Оның пайымынша, Үкімет шаруалардың шығынын толық өтеп беру тетігін енгізуі керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 24-28 мамырда халықаралық сарапшылар Қазақстандағы киік мекендерінде зерттеу жүргізеді.

Жақында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Батыс Қазақстандағы киіктердің қырылуына қатысты пікір білдірді.

19 мамыр күні сағат 18-00 шамасында Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Күйгенгүл округінің аумағы Ащыөзек өзенінің жағасынан Жәнібек тірек пунктінің тобы 150-ге жуық киік өлексесін анықтаған.

Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында киіктерге арнап су қоймалары салынатынын айтты.

Қазақстанда киіктерді қорғау үшін 200-ден астам арнайы топ құрылды.


Соңғы жаңалықтар