Депутат дәрігерлердің жауапкершілігін қамтитын заң жобасына қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру тетіктерін енгізуге байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары өткен аптада қараған болатын.

«Денсаулық сақтау министрлігі осы заң жобасы шеңберінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру, санкциялық шараларды төмендету туралы нормаларды ұсынып отыр. Бұл - дәрігерлерді сақтандыруға бағытталған көптен күткен заң», – деді Ғ.Елеуов.

Депутат заң жобасына ұсыныстар беріп, нормалар енгізетінін, бұл заңның әрбір адамға тікелей қатысы бар екенін айтты.

«Мен өзім облыстық аурухананың кезекші хирургынан клиника басшысына дейін барған дәрігермін және тәжірибелі дәрігерлер қандай құқықтық проблемаларға тап болатынын жақсы білемін. Әрине, менің әріптестерім қателіктер жібермеуге тырысуы керек. Біз бұл заң жобасын жұмыс тобында кеңінен талқылауды жалғастырамыз», – деді депутат.

Оның пайымынша, біз дәрігерлерімізді қорғауымыз керек.

«Бізде көптеген білікті дәрігерлер бар. Оларды заңдық және қаржылық жағынан қолдау керек. Сонымен қатар жастарды медицина мамандығына қызықтыра білуіміз қажет. Заң жобасымен жұмыста бұның бәрін ескеретін боламыз», – Ғ.Елеуов.


Фото: parlam.kz



Соңғы жаңалықтар