Депутат биологиялық қауіпсіздік бойынша ұлттық жүйе құрудың нақты мерзімін айқындауды сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық тәуекелдер өте күрделі және мультифакторлы екендігін түсіну қажет. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құруды тапсырды. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан «халықаралық стандарттарға сәйкес келетін биологиялық қатерлерді болжауға арналған кешенді әрі жоғары технологиялық құрылымын жасақтауға» ұмтылып отырғанын атап өткен болатын. Жүйені құру жөніндегі кешенді міндетті орындау үшін патогендермен жұмыс істеуге тиімді мониторинг пен есепке алуды жүзеге асыруға, биологиялық тәуекелдерді модельдеуге және басқаруға, биоқауіпсіздік үшін белгілі әрі жаңадан туындайтын қатерлерді болжауға мүмкіндік беретін заңнамалық база қажет. Қазіргі уақытта қарастырылып жатқан тиісті заң жобасы қажетті құқықтық негізді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда, ұлттық болжау жүйесін әзірлеу сатысында тапсырманы сапалы орындау мәселесі өзекті болып отыр», - деді З. Сүлейменова Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, биологиялық тәуекелдер өте күрделі және мультифакторлы екендігін түсіну қажет. Патогендермен жұмыс істеудің техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты аспектілермен қатар, оларды заңсыз пайдалануға жол бермеу жөніндегі аспектілер де бар.

«Осыған байланысты, ұлттық жүйе үлкен деректерді (big data), жасанды интеллект пен машиналық оқытуды пайдалану сияқты озық технологиялық шешімдерді қолдана отырып құрылу қажет екені анық. Халықаралық тәжірибеде осы мақсаттар үшін жасанды нейрондық желілер де, терең оқыту әдістері де қолданылады. Осындай жүйелерді құруды қаржыландыру көбінесе ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылады. Биоқауіпсіздікті болжаудың Ұлттық жүйесін құру кем дегенде үш кезеңнен тұруы керек. Бірінші кезең барлық өзекті деректерді цифрландыруды және ведомстволық ақпараттық жүйелерді қалыптастыруды көздеуге тиіс. Екінші кезең барлық ақпараттық жүйелердің өзара тиімді интеграциялануын, оның ішінде патогендердің айналымын есепке алу мен мониторингілеуді арттыру үшін қамтамасыз етуі тиіс. Үшінші кезеңде биологиялық тәуекелдерді модельдеуге және болжауға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдерді енгізуді қарастыруы қажет», - деді депутат.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындаудың ерекше маңыздылығын ескере отырып:

1. Елдің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрудың нақты мерзімдері мен кезеңдерін айқындау;

2. Осы мәселені қаржыландырудың басым бағытын көздеу;

3. Болжау компонентін құру үшін озық технологиялық шешімдерді енгізу;

4. Елдің биологиялық қауіпсіздігін болжаудың Ұлттық жүйесін әзірлеу және процесін үйлестіру үшін уәкілетті орган айқындау керек.


Соңғы жаңалықтар