Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Депутат «Атырау–Астрахань» тасжолының проблемасы туралы айтты

2022 жылғы 22 маусым 13:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісмен Сәлімжан Нақпаев депутаттық сауал арқылы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдан «Атырау–Астрахань» жолының проблемасына араласуын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикамыздың батысындағы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахань» жолының маңыздылығы көптен айтылып келе жатыр. Бұл жолмен Атырау қаласына 100 мыңнан аса халқы бар Исатай, Құрманғазы аудандарының тұрғындары қатынайды және көрші Ресей елінің Астрахань облысымен сауда-саттық, туризм, тұрмыстық қарым-қатынастар жасалады. Жоспар бойынша 2019 жылдан басталып, 2022 жылы толық аяқталуы тиісті бұл жол, жоба жасаушылардың білімсіздігінен, оны қадағалайтын тиісті министрліктің салғырттығынан, 2023 жылға кешіктірілді. Бұл алдымен жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Өйткені, адам шығынына әкелген апаттар орын алуда», - деді депутат.

Оның айтуынша, аталған жолдың бойында төрт бірдей мердігер жұмыс істеп жатқанымен, жұмыс мардымсыз.

«Трасса бойында 50-60 шақырым болатын, әлі де жолшының қолы тимеген участоктер жатыр. Осының бәрі халықтың Үкіметке, Ұлттық жобаларға деген сеніміне нұқсан келтіруде. Жолға керекті қаражат халықаралық қаржы институттары арқылы толық шешілген. Мердігер саны біз білетін жерде төртеу, олардың жалдаған субмердігерлері одан да көп. Ең бастысы министрлік жұмысты ұйымдастыра алмай отыр», - деп сынаған Мәжіліс өкілі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан осы мәселеге тікелей араласуды талап етті.

«Атырау-Астрахань тасжолының маңызын жете түсініп, болып жатқан жол апаттарының алдын алып, халықтың асыға күткен жобасын уақытында іске қосуды талап етеміз», - деді Сәлімжан Нақпаев.

Еске салайық, Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев және Серік Ерубаев Атырау облысы Исатай ауданының тұрғындарымен кездесуінде Атырау–Астрахань жолының пробламсын бақылауға алғандарын мәлімдеген еді.


Автор:

Есімжан Нақтыбай

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары