Депутат аса ауыр қылмыс жасаған 600-ден астам сотталушы отырған түрмеге барды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қызылордадағы түзеу мекемесіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақытбек Смағұл Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты пенитенциарлық мекемедегі сотталғандардың ұстау жағдайымен, олардың құқықтарының сақталуы және медициналық қамтамасыз ету қызметімен танысты.

Мәжіліс депутаты облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы әділет подполковнигі Шаймерден Ескенкелдиевпен бірге аралас қауіпсіз ЗК-169/5 мекемесінің негізгі объектілері: тұрғын үй блоктарын, асхананы, өндіріс аумақтарын, сондай-ақ медициналық бөлімдерді аралады.

Жұмыс сапары барысында Бақытбек Смағұл жазасын өтеп жатқан сотталғандармен сөйлесіп, мекеменің материалдық-тұрмыстық жай-күйіне, құқықтарының қорғалуына, сонымен қатар психологиялық және медициналық көмектің сапасына қатысты сұрақтар қойды.

Депутат сотталғандарға жасалып жатқан жағдайдың жыл сайын жақсарып келе жатқанын, Мемлекет басшысының ІІМ алдына адам құқықтарын сақтаумен байланысты маңызды тапсырмалар қойғанын атап өтті.

«Адам құқықтарын қорғау - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін басым мәселе. 9 маусымда Мемлекет басшысы адам құқықтары саласындағы негізгі міндеттерді іске асыру көзделген «Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Бүгін облыстың пенитенциарлық мекемесіне жұмыс сапарымен барып, қызметкерлердің атқарып жатқан жұмысына оң баға бердім және бар күш-жігерін көрдім», - деп түйіндеді Бақытбек Смағұл.

Жалпы, аймақта үш пенитенциарлық мекеме бар, оның арасында ЗК-169/5 мекемесі камера бойынша ұстау колониясы болып табылады.

Аталған мекемеде адам өлтіру, есірткіні сақтау және өткізу сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін сотталған 600-ден астам сотталған адам жазасын өтеуде.

Бүгінгі таңда мекеменің өндірістік аймағында «Еңбек-Қызылорда» РМК филиалымен қатар, 13 кәсіпкер жұмыс істейді, олар мұнда 400-ден астам сотталғанды жұмыспен қаматып отыр.

Олар аяқ киім тігумен, құрылыс материалдарын, пластикалық терезелер, жалюзи және жұмсақ жиһаз өндірумен айналысады.

Сондай-ақ режимдік объектінің аумағында наубайхана цехы жұмыс істейді, мұнда күн сайын шамамен 1000 бөлке нан шығарылады.

Осы жерден жаңадан пісірілген нан облыстың басқа да пенитенциарлық мекемелеріне жіберіледі.


Соңғы жаңалықтар