Депутат Ахметов елдегі «сақалды» құрылыстар проблемасын көтерді
2022 жылғы 22 маусым 12:46

Депутат Ахметов елдегі «сақалды» құрылыстар проблемасын көтерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған сауалында құрылысы ондаған жылға созылып кеткен нысандардың проблемасын біржола шешуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, елімізде құрылысы ондаған жылға созылған жобалардың саны азаяр емес. Басы бар, аяғы жоқ нысандардың бастапқы құны жыл санап еселеп артуда», - дейді депутат.

Оның пайымынша, бұл – халықтың салығынан жиналған миллиардтаған қаржы тиімсіз игеріліп жатқанының айқын көрінісі.

«Аймақтардағы жобалардың біріне қаржы жетпесе, бірінің мердігері жауапсыз. Салдарынан екі ортада жұртшылық әбігерге түсіп, билік пен бұқараның ортасында түсініспеушілік туындауда. Үкімет құрылысы жыр болған нысандарды аяқтаудың орнына жыл сайын жаңа жобаларды қаржыландыруын тоқтатар емес.

Әлі күнге дейін еліміз бойынша аяқсыз қалған жобалардың нақты тізімі жоқ. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен аймақтық әкімдіктер ұсынған ақпарат бір-біріне кереғар, мүлде сай келмейді. Жергілікті әкімдіктер ұсынған мәліметтерге сәйкес Қарағанды облысында 27 нысан, елордада 16, Түркістан облысында 11, Маңғыстау облысында 10 нысан тұралап, «сақалды» құрылыстың көшін бастап тұр. Олардың көбі халық игілігіне жарайтын әлеуметтік нысандар, яғни балабақша, емхана мен мектептер», - деді депутат.

Сондай-ақ ол аталған мәселенің шешілуіне әсер ететін бірнеше ұсыныс айтты. Олар:

- ел аумағындағы құрылысы ондаған жылға созылған нысандардың нақты әрі жүйелі тізімін тез арада жасақтау;

- тұралап қалған әр нысан, оның ішінде әлеуметтік объектілерді аяқтау бойынша іс-әрекет жоспарын даярлау;

- ауқымды, қаражатты көп қажет ететін жобалар бойынша арнайы инвестициялық ұсынымдарды даярлауды пысықтау.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің 15 өңірінде құрылыс қарқыны артқанын мәлім еткен еді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT