Депутат аграрлық салада оқитын студенттердің стипендиясын өсіруді сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қарақат Әбден ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын өсіруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы – осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен магистранттардың стипендиясын көтеру. Осы мәселе төңірегінде таяуда «Ауыл» партиясы фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдады, хатқа екі жүзге жуық студент қол қойған. Аталған оқу орнында алты мыңнан астам студент білім алады, олардың басым бөлігі – ауыл жастары. Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған», - деді Қ. Әбден Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы – 58 800 теңге. Еске салсақ, 2021 жылы Президенттің тапсырмасымен педагогика және медицина мамандықтарында оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылданған. Бұл қадам жақсы нәтижесін берді.

«Басқалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 процентке төмен, яғни 36 660 теңге алады. Айырмашылық 22 140 теңгеге жетті. Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес, бірақ ауылдан шыққан студент үшін мұның өзі жақсы көмек болар еді. Себебі, бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды, олардың ата-анасының да жалақысы жоғары емес екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, биыл республика бойынша «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыты бойынша бөлінген 2 400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмаған.

Жыл сайын бұл салада маман тапшылығы артып келеді. Жалпы айтқанда, елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша төрт мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе, ветеринар, механизатор, веттехник, кәсіби техниканың тілін білетін маман табу қиын», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіру мәселесін қарастыруды сұрады.


Соңғы жаңалықтар