Депозиттерге өтемақы төлеу рәсімі қалай жүзеге асады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы қаңтар айында депозиттер бойынша өтемақы төлеу туралы қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, депозиті бар қазақстандықтарға 10% көлемінде өтемақы төленеді. Салымшылар бүгіннен бастап депозитінен ішінара немесе толығымен ақша ала алады. Мемлекет ол үшін екінші деңгейлі банктерге жалпы соммасы 306 млрд теңге көлемінде ақша аударған. Мұның жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдары және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдарға да қатысы бар. Өтемақы төленетін ең жоғары сома – 20 миллион теңге. Өтемақы қандай депозиттерге төленеді? Өтемақы алудың шарттары қандай? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Өтемақы қандай депозиттерге төленеді

Қаржы нарығындағы геосаяси қатерлердің салдарынан қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңге депозиттерін қолдау үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп бюджет қаражатының есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы төлеу жайлы бағдарлама қабылдады. Құжат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бекітілген. Бекітілген нормаларға сәйкес, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және «Қазақстанның тұрақты даму қоры» АҚ депозиттер туралы ақпарат негізінде депозиттер бойынша сыйақы сомасын белгіленген тәртіппен екінші деңгейдегі банктерге аударады.


Бағдарламаға қатысуға 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысушы – бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банкте және «Отбасы банк» акционерлік қоғамында ашылған жеке тұлғалардың теңгемен жинаған салымдары қатыса алады. Банктер өтемақыны 23 ақпанда шоттарда болған жинақ сомасына қарай есептейді. Ең жоғары шек 20 миллион теңгеден аспауы керек. Ақшаны ішінара алған жағдайда пайыздар шоттағы қалған сома негізінде төленеді.

Нақтырақ айтсақ, мынадай теңге салымдарына өтемақы төленуі тиіс:

- жинақ салымдары;

- мерзімді салымдар (тұрғын үй құрылыс жинақтары мен білім беру жинақтау салымдарын қоса алғанда).

Өтемақы алудың шарттары

Төлем шарты бойынша салымшы депозитте қаражатты бір жыл бойы, яғни 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақтауы керек. Ал өтемақы төленетін жаңа депозит ашқан кезде, өтемақы төленетін депозит мерзімі аяқталған күннен бастап жаңа депозит ашылған күнге дейінгі кезең үшін операциялық күн ішінде тіркелген ең төменгі қалдыққа төленеді.

Фото: nalogikz.kz

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, 2023 жылдың 16 наурызында теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуге арналған қаражат екінші деңгейдегі банктерге келіп түсті. Сыйақы екі күннің ішінде 2 млн 615 мың салымшының шотына түседі. Оны депозит ашқан банкке барып, өтініш тастағандар ғана алады. 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша өтелетін ең жоғарғы сома – 20 миллион теңге.

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ақшаларды банктерге аударды. Аударылған қаражаттардың жалпы сомасы 306,6 млрд теңге болды. Қағидаларға сәйкес, екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде (2023 жылғы 20 наурызға дейін) тиесілі сыйлықақыны өтініш берген депозиторлардың шоттарына аударады.

«Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқандығын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың ақтық тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды», - деді ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

Отбасы банк салымшыларының депозиттері бойынша төленетін өтемақы

«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай банк теңге депозиттерін қорғау бойынша өтемақы беру бағдарламасына қатысып жатқанын мәлімдеген болатын. Жеке тұлғалардың Отбасы банкінде ашылған депозиттері бойынша республикалық бюджет есебінен 10% мөлшерінде өтемақы қарастырылған. Айта кетейік, төленген өтемақы сомасына мемлекеттік сыйақы есептелмейді.

«Бұл жерде несие жинап жатқан, әзірге баспана алмаған адам да бағдарламаға қатыса алады. Оған да 10 пайыз өтемақы беріледі. Сондай-ақ 2022 жылдың 20 ақпанына дейін бізден аралық және алдын ала займ алған, біздегі кепілде тұрған депозиттерге де 10 пайыз үстіне қосылады», - деді Жансұлтан Матай.

Теңге депозиттеріне 10% өтемақы төлеу өзін ақтады ма

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев теңге депозиттеріне 10% өтемақы төлеу шарасын сәтті рәсім ретінде бағалады. Ол сөзінде өтемақыға төленетін ақшаның Ұлттық қордан емес, мемлекеттік бюджеттен алынғанын ерекше атап өтті.

«Бүгін салымшыларға нақты ақша аударыла бастады. Бағдарлама өзін ақтады. Бір жыл бұрын дағдарыс кезінде депозиттердің ауытқуы тіркелген жоқ. Керісінше, рекордтық көлемде жаңа депозиттер пайда болды. Депозиттердің долларлануы болған жоқ. Осының бәрін ескеріп, бағдарлама сәтті аяқталды деуге болады. Өйткені өз міндетін орындады», - деді Андрей Чеботарев.

Қосымша сұрақтармен қайда жүгінуге болады

Салымшылар өтемақы талаптарына байланысты консультациялар алу үшін «1477» нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына хабарласа алады. Ал қаржылық қызметтер алу кезінде құқығым бұзылды деп есептейтін азаматтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21 үй мекенжайы бойынша жазбаша арыз түсіре алады. Сондай-ақ, Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы арыздануға болады. Қаржы реттеушісіне өтініш жазу бойынша консультациялар алу үшін салымшылар «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығына қоңырау шалуға немесе «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы сұрақтарын қоя алады. Сондай-ақ мобильдік қосымшаның веб-нұсқасы қолжетімді.


Естеріңізге сала кетейік, банктер сыйлықақы төлеуге өтініштерді бес ай бойы - 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың ақпанына дейін қабылдады. Өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 10 ақпанында аяқталған болатын.


Соңғы жаңалықтар