Депозиттерге кепілдік беру қоры «Қазинвестбанк» клиенттерінің өтемақысын төлеп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) «Қазинвестбанк» АҚ салымшыларына агент банк «Банк ЦентрКредит» АҚ филиалдық желісі бойынша кепілдік берілген өтемақыны төлеуді аяқтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салымшылар 13 тамызға дейін агент банкке төлеу туралы өтініш бере алады. Көрсетілген уақыттан кейін «Қазинвестбанк» АҚ салымшылары ҚДКБҚ-на тікелей жолығулары қажет.

«Қазинвестбанк» АҚ-ны «Альфа-Банк» ЕБ АҚ сатып алғаннан кейін, банк активтері мен міндеттемелері соған беріліп, дәл осы уақытта клиенттердің шоттарында қалған соманы төлеу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ  агент банк болып тағайындалған болатын. Ол 13 ақпаннан бастап жарты жыл ішінде филиалдар арқылы жеке тұлғалардың өтініштерін қабылдап әрі өңдеді. Агенттік келісім негізінде ҚДКБҚ-ның қаражаты есебі мен атынан кепілдік берілген өтемді төледі.

«Қазинвестбанк» АҚ-ның 70 салымшысына кепілдік берілген өтемді төлеу үшін ҚДКБҚ 2,07 миллион теңге бөлді. Оның ішінде 8 салымшыға кепілдік берілген өтемнің 1,81 миллион теңгесі немесе төлеуге жататын жалпы соманың 87,6%-ы өтелді. Талап етілмеген соманың көлемі - 256 мың теңге.

Салымшылар 13 тамыздан бастап кепілдік берілген өтемді алуға өтініш бере алады. Клиент жеке өзі келсе, өтемақы алуға өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын беруі қажет. Салымшының өкілі келген жағдайда - нотариалды куәландырылған сенімхаттың түпнұсқасын ала келгені жөн. Пошта арқылы өтініш жасаған кезде өтініш беруші ең аз құжаттар пакетін жіберуі тиіс, олар - белгіленген нысанда өтемақы төлеу туралы нотариалды куәландырылған өтініш және жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі.

Кепілдік берілген өтемді төлеу туралы өтініш бланкісі ҚДКБҚ www.kdif.kz интернет-ресурсында қолжетімді. Ақыл-кеңес керек болса, ҚДКБҚ мамандарына 8 8000 80 10 20 (қоңырау шалу тегін); +7 (727) 312 24 40, +7 (727) 312 24 41 (Алматы қ.) телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

ҚДКБҚ мамандары сондай-ақ Телеграм мессенджерінде де кеңес бере алады: 27 маусымнан бері «KDIF | Сұрақтар мен жауаптар» чаты жұмыс істеп тұр. 

Соңғы жаңалықтар