Депозитінде 1 млн теңгеден астам ақшасы барлардың 94 пайызы өтемақыға өтініш берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 қаңтардағы жағдай бойынша банктер теңгелік салым бойынша өтемақы төлеуге 304,4 млрд теңгеге өтініш қабылдады. Бұл - мемлекет тарапынан төленуге жататын өтемақының әлеуетті сомасының 92,3 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.

Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды.

Енді салымшылар банкке соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 10 ақпанына дейін жүгіне алады.

ҚДКБҚ 5 миллионнан астам депозитор салымдары өтемақы төленуге жататынын атап өтті.

Статистика бойынша депозитінде 1 млн теңгеден астам ақшасы бар азаматтардың 94% өтемақы алуға өтініш берген.

«Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк әзірлеген бағдарламаның қағидаларына сәйкес келетін барлық депозиттерге, олардағы ақша қалдығының мөлшеріне қарамастан, сыйлықақы есептелетінін еске салғымыз келеді. Банктерге барып, өтемақы алуға келісімін әлі растамаған депозиторлар соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 10 ақпанына дейін келісімін растай алады. Өтінішті банктердің бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн түрінде беруге болады. Банктер өтемақыны 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. 10%-дық өтемақы есептелуі мүмкін максималды сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды», - деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

ҚДКБҚ естеріңізге салады, өтемақы алудың басты шарты – салым соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуы тиіс.

Өтемақы депозитте жыл барысында сақталған ең аз сомаға есептеледі.

Салымшылар төлем рәсімі бойынша қосымша ақпаратты салым орналасқан банктерден біле алады немесе сауалдарын [email protected] поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауларына болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласа алады.


Соңғы жаңалықтар