Денсаулықты күту тренді: өмір салты адам ағзасына қалай әсер етеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін – дүниежүзілік денсаулық күні. Дәрігерлердің айтуынша, деннің саулығы – тұтас ғылым. Оның маңызды бағыттарының бірі – күнделікті өмірде денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру. Айтулы датаға орай, ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері ҚазАқпарат тілшісіне денсаулық жағдайының адамның мінез-құлқына қалай әсер ететіні және қандай ауру түрлерінің жасарып келе жатқаны туралы айтып берген еді...

Денсаулықтың шамамен 250 анықтамасы бар

Дүниежүзілік денсаулық күні идеясы 1948 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының бірінші сессиясында ұсынылды. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысы ратификацияланған күн, яғни 22 шілде дүниежүзілік денсаулық сақтау күні болып бекітілді. Ал, 1950 жылдан бастап аталған дата 7 сәуірде аталып өте бастады.

Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының салауатты өмір салты бөлімінің меңгерушісі Марат Құрмановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында 250-ге жуық анықтама бар, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында бір ғана тұжырым бар. Денсаулық – адамның толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы.

«Денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыны бірдей қамту адамның жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жері мен табысына, қаржылық қиындықтарына қарамастан, теңдей жүргізлуі тиіс. Деннің сау болуы – тұтас ғылым және оның бір бағыты – денсаулық мәдениетін қалыптастыру. Бұл – физикалық, рухани және әлеуметтік кемелдік. Адамның өсуі мен дамуы денсаулық деңгейін диагностикалаумен, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті ұстану және жаман әдеттерден аулақ болу арқылы іске асуы керек. Денсаулық – кез келген адам үшін басты құндылық», - дейді Марат Құрманов.

«Саулыққа қол жеткізіңіз»

Көптеген адам денсаулық медициналық ұғым деп қателесіп жатады.

«Адамдардың денсаулық жағдайы оны сақтау мен медициналық қызмет көрсету деңгейіне тек 8-10% тәуелді екені анықталды. Қалғаны басқа факторларға байланысты. Оның ішінде экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, эндемикалық жағдай, тарихи қалыптасқан мінез-құлық дәстүрлері, тамақтану мәдениеті, тұқым қуалаушылық және адамдардың өзіне және денсаулығына қатынасын айтуға болады. Бүгінде көпшілік денсаулық үшін спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанудың қадірін түсінді», - деді салауатты өмір салты бөлімінің меңгерушісі.

Сондықтан, Президент Іс Басқармасы ауруханасы орталығының дәрігерлері салауатты өмір салты мен аурулардың алдын алу дағдыларын қалыптастыру бойынша бағдарлама әзірлеген. Бағдарлама «Саулыққа қол жеткізіңіз» (Здоровых чисел достигай) деп аталады. Дәрігерлердің айтуынша, әр адам келесі параметрлер бойынша саулықты сақтауға тырысу керек. Ол дене салмағының индексі, бел шеңбері, қан қысымы, қандағы жалпы холестерин деңгейі, қандағы қант деңгейі, көкөніс пен жеміс-жидек, таза ауыз су, тұзды тұтыну және темекі шегуден бас тарту.

Осы орайда, салауатты өмір салты бөлімшесінің әдіскер-дәрігері мысал ретінде дене салмағының индексін есептеп көрсетті. Ол үшін ол корреспонденттің бойын екіге көбейтті (1,64*1,64). Содан кейін дәрігер оның салмағын бойының квадратына бөлді (50:2,689). Мәні – 18,5. Дене салмағының индексінің нормасы 18,5 - 25 болуы керек. Егер 25-тен жоғары болса, дабыл қағу керек. Себебі, сізде артық салмақ немесе семіздіктің белгісі бар. Егер дене салмағының индексі 35-ке жетсе, бұл – семіздіктің бірінші дәрежесі. 35-тен 40-қа дейін – семіздіктің екінші дәрежесі, ал 40-тан жоғарылауы семіздіктің үшінші дәрежесіне жатады.

Қазақстандықтар күніне 15-17 грамм тұз тұтынады

«Пациенттер дене салмағының индексін 25-тен асырмауға тырысады. Кез келген жаста дене салмағының индексі 25-тен аспауы керек. Бұл – өте маңызды көрсеткіш.

Салауаттылықты сақтау түрінің бірі – тұзды тұтыну. 2019 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша ауқымды зерттеулер жүргізді. Қазақстанның әдеттегі мәзірін зерттей келе, ДДҰ мамандары отандастарымыздың күніне 15-17 грамм тұз тұтынатындығын анықтады. Негізінен тұз ағзаға өңделген өнімдермен бірге енеді. Нәтижесінде біз өзімізге қажет мөлшерден 3 есе көп тұз жейміз. Тұз – калий, магний, фосфор және кальцийді ығыстыратын агрессивті зат», - деп атап өтті салауатты өмір салты бөлімшесінің әдіскер-дәрігері Гүлнар Турдунова.

ҚР ПІБ БМО «Саулыққа қол жеткізіңіз» (Здоровых чисел достигай) бағдарламасына болашақ дәрігерлер мен ғалымдар қызығушылық танытты. Осылайша, бағдарламаны Астана медицина университетінің оқу бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылданды.

«Аталған бағдарлама профессорлық-оқытушылық және студенттік құрамға қолданылатын болады. Ол үлкен инвестицияны қажет етпейді, есесіне әсері жақсы. Әр адам белгіленген параметрлер бойынша өз денсаулығын уақтылы бақылайтын болса, онда ол дерттерден аулақ болады. Дегенмен, қазір біреуден бірдеңе талап ету өте қиын. Канадалық ғалымдар адамның темекіні тастау туралы алғашқы ойы мен оны тастау туралы соңғы шешімі арасында шамамен 8 жыл өтетінін анықтады. Бұл – болжамды цикл. Өмір салтын ұстануда барлық жайт маңызды», - дейді Марат Құрманов.

Салауатты өмір салты – денсаулықты сақтайтын адамдардың әрекеті

Салауатты өмір салты бөлімінің әдіскер-дәрігері біздің денсаулығымыздың қалыптасуына ықпал ететін бірқатар факторды атап өтті.

«Біздің денсаулығымыз 20% экологияға және 20% тұқым қуалаушылыққа байланысты. Жалпы, деніміздің сау болуы аталған сала мен медициналық көмекке 8-10% ғана қатысы бар. Денсаулықтың негізгі үлесі, яғни 50% адамның өмір салтымен байланысты. Ал, денсаулық жағдайы мен өмір салты арасындағы байланыс салауатты өмір салтын ұстану деңгейінен көрініс табады. Салауатты өмір салты – денсаулықты сақтау мен нығайтуға бағытталған адамдардың іс-әрекеті», - дейді Гүлнар Турдунова.

Дұрыс тамақтанбау: Қазақстан өлім-жітім бойынша алдыңғы қатарда

Маманның айтуынша, біздің денсаулығымыз қалай тамақтанатындығымызға байланысты, сондықтан ол деннің саулығында басты рөл атқарады.

«Өкінішке қарай, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы зерттеулері бойынша Қазақстан дұрыс тамақтанбаудан өлім-жітімі көп ТОП-10 елдің қатарына енді. Біз тоғызыншы позициядамыз. Оған қазақстандықтардың тамақтану бұзылысы себеп болып отыр.

Адамдар тұзды, қантты және майлы тағамдарды шамадан тыс қолдана бастады. Тұз, қант, май – тағамның қасиеттерін жақсартатын компоненттер. Олардың құрамында біздің ағзамызға қажет дәрумендер, талшықтар және қоректік заттар аз.

Сонымен қатар, көп мөлшерде өңделген тағамдарды тұтынамыз. Оның соңы семіздік, қан айналымы жүйесінің аурулары, инсульт, инфаркт сияқты жұқпалы емес аурулардың көбеюіне алып келеді. Бүгінде инсульт пен инфарктың жасару үрдісі байқалады. Мұның бәрі дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындайды. Сол сияқты біз аз қозғаламыз, құрамында энергияны қажет ететін өнімдермен қоректенеміз», - деп түсіндірді СӨС бойынша әдіскер-дәрігер.

«Өңделген өнімнен гөрі қолдан пісіріп, дайындалған тамақ пайдалырақ. Айталық, үйде ет асып жедіңіз, оның зияны жоқ. Ал, өңделген шұжық, гастрономиялық ет және ет өнімдерінен зиян келуі мүмкін. Сол сияқты жоғары сапалы ұннан жасалған ақ нанның да мүлдем пайдасы жоқ. Ұн өнімдері бізге тек калория қосады, ал біз ол калорияларды ешқайда жаратпаймыз. Тоқашты жеп аламыз да, физикалық тұрғыдан қозғалмаймыз. Нәтижесінде салмақ артады, ол семіздік пен бірқатар ауруға әкелуі мүмкін», - деді Г. Турдунова.

Сал ауатты ұ йқы: жатын бөлмедегі температура 17 градустан жоғары болмауы керек

Физикалық белсенділік – біздің өмір салтымыздың тағы бір көрінісі. СӨС бөлімінің әдіскер-дәрігерінің мәлімдеуінше, ересектер күніне жоқ дегенде 30 минут қозғалыста болу керек.

«Шылым тарту, алкоголь өнімдерін тұтынудың денсаулыққа зиян екенін бәріміз білеміз. Бұл қадам, әсіресе күйзеліске төзімділікті дамытуда өте маңызды. Қазір ақпарат легі шексіз, оның кейбірі біздің психикалық денсаулығымызға кері әсер етеді. Психикалық денсаулықты нығайтып, күйзелісті басқаруды үйрену керек.

Салауатты ұйқы, тыныш әрі уақтылы ұйқы – мінез-құлық нормасы. Жеткілікті ұйықтау маңызды. Орташа алғанда, адам тәулігіне 7-8 сағат ұйықтауы тиіс. Бұл жерде жатын бөлмедегі температура да өте маңызды. Көптеген адамдар бұған назар аудармайды. Жатын бөлмедегі температура 17 градустан жоғары болмауы керек. Сонда дұрыс әрі толық ұйқы болады. Ұйқыға дейін бір сағат бұрын гаджеттерді қолдануды доғарған жөн», - дейді ол.

Кез келген мінез-құлық өзгеріске ұшырайды

Адамдардың өзара, оның ішінде жақындарымен де қарым-қатынас дағдылары аса маңызға ие.

«Ең бастысы – барлық мінез-құлық өзгеріске ұшырайды. Егер біз денсаулығымызды жақсартқымыз келсе, мінез-құлық факторларының денсаулықа пайдасын өзгертіп, салауатты өмір салтын ұстануымыз керек.

Қазір сау болу – сәнді әрі стильді. Денсаулық адамның басты құндылығы екенін түсінуіміз керек. Дұрыс тамақтану, физикалық белсенді болу әр адамның өмір салтына айналғаны абзал», - дейді Гүлнар Турдунова.

Сонымен қатар, дәрігер жұқпалы аурулардан болатын өлім-жітімнің жоғары екендігін атап отыр.

«Біз балалар мен ересектер арасында семіздіктің кең таралғанын көріп отырмыз. Ересектер арасындағы созылмалы жұқпалы емес ауруларға (қан айналымы жүйесінің аурулары, қан тамырларының склерозы, жүректің ишемиялық ауруы) келетін болсақ, 2-типті қант диабетімен ауыратын науқастар өте көп. Бұл біздің дұрыс тамақтанбауымызға байланысты. Бүгінде денсаулық сақтау саласы әлдеқайда алға жылжыды. Роботтық хирургия, жоғары деңгейлі операциялар, жоғары тиімді технологиялар қолданылып жатыр. Әрине, оған ауқымды қаражат керек. Осы орайда, салауатты өмір салтын ұстану арқылы мәселені шешу мүмкіндігі бар. Кез келген ауруды емдеуден гөрі оның алдын алу оңай. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жыл сайын уақтылы медициналық тексеруден өтіп тұру керек», - дейді маман.

Қазақстанда 2-типті қант диабеті «жасара» бастады

Дұрыс тамақтанбаған және өмір салтын бұзған пациенттер эндокринологтерге кезекке тұрып жатыр. Эндокринолог дәрігер Жанмедет Шыманның айтуынша, пациенттердің көпшілігі қалқанша безінің аурулары және қант диабеті бойынша мамандарға жүгінеді.

«Қант диабеттерінің көп тарауына себеп – артық салмақ, отырықшы өмір салты, дұрыс тамақтанбау, тұқым қуалаушылық, стресс, психо-эмоционалды стресс сияқты факторлар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күніне кем дегенде 30 минут қозғалыс белсенділігін ұсынады. Қазір жоғары калориялы тағамдар өте қолжетімді. Адамдар оларды көп мөлшерде тұтынады. Дене белсенділігі төмендеуімен қатар, семіздікті қалыптастыратын диеталық бұзылулар бар. Салдарынан артық салмақ жиналып, оның арты қант диабетіне әкелуі мүмкін», - деді эндокринолог Жанмедет Шыман.

Бүгінде 2-типті қант диабеті балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі.

«Бұрын 2-типті қант диабетімен егде жастағы, 40-тан асқан жандар жиі ауыратын. Алайда, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің жаппай белең алуы, дұрыс тамақтанбау, отырықшы өмір салты 2-типті қант диабетінің көбеюіне себеп болып отыр. Қант диабеті жасарып келеді», - деп түсіндірді эндокринолог.

Сондай-ақ, маман қалқанша безі ауруларының алдын алуда йодты тұтыну бойынша елде жаппай профилактикалық шараның жүріп жатқанын тілге тиек етті.

«Тамақ әзірлеу мен тағам өнімдерінде йодталған тұз қолданылады. Тіпті, мейрамханалар да йодталған тұзды тұтынады. Осы орайда, елімізде йод тапшылығы проблемасы өткір емес. Жасөспірімдер, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға профилактика тұрақты жүргізіледі. Олардың йодқа деген қажеттілігі артып келеді, сондықтан өмірдің белгілі бір кезеңдерінде құрамында йод бар қосымша препараттар қажет», - деп түсіндірді спикер.

Осы орайда, мамандар қазақстандықтарға тамақтану әдеттерін өзгертуді ұсынады. Олардың айтуынша, қандағы қантты азайту қажет, күніне 4-5 рет тамақтанып, ақ ұннан жасалған өнімдерді азайтқан абзал.

Транс-майларды тұтыну көрсеткішін нөлге дейін азайтып, өңделген қызыл етті мүмкіндігінше аз тұтынған дұрыс. Сонымен қатар, диетаға дәнді дақылдардан жасалған өнімдерді жиі қосып, көбірек су ішіп, 500 грамнан астам көкөністер мен жеміс-жидек тұтыну керек.


Соңғы жаңалықтар